Шымкент қаласына ресми сапармен келген Венгрияның Дебрецен қаласының делегациясы «Оңтүстік» индустриялық аймағында орналасқан «QazAlPack» өндірістік кәсіпорнына барды. Сапардың негізгі мақсаты – отандық өндіріс орындарының жұмысымен танысу, өнеркәсіп саласындағы озық тәжірибелерді зерделеу және халықаралық іскерлік байланысты нығайту.
Кездесу барысында венгриялық делегация өкілдеріне кәсіпорынның қалыптасу тарихы, өндірістік мүмкіндіктері, технологиялық жабдықтары мен өнім түрлері таныстырылды. Қонақтар зауыттың өндірістік желілерін аралап, алюминий қаптамаларын әзірлеу үдерісімен және өнім сапасын бақылау жүйесімен танысты.
«QazAlPack» – Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі бірегей жобалардың бірі. 2019 жылы негізі қаланған кәсіпорын сусындарға арналған алюминий банкалар мен олардың қақпақтарын өндіруге маманданған. Зауыт 2022 жылы өндірістік жұмысын бастап, бүгінде Орталық Азиядағы осы бағыттағы ірі өндіріс орындарының біріне айналды. Кәсіпорынның басты ерекшелігі – сусын құюға арналған алюминий банкалар мен оңай ашылатын қақпақтарды бір өндірістік кешенде шығаруында.
Өндіріс орнының технологиялық мүмкіндігі де айтарлықтай жоғары. Кәсіпорынның ресми мәліметіне сәйкес, зауыттың өндірістік аумағы 34 мың шаршы метрден асады. Мұнда заманауи автоматтандырылған желілер мен жоғары дәлдіктегі өлшеу жабдықтары қолданылады. Алюминий банкалар өндіріс барысында 13 технологиялық кезеңнен өтіп, әр сатыда сапа бақылауынан өтеді. Бұл дайын өнімнің қауіпсіздігі мен халықаралық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Зауыт өнімдерінің қатарына көлемі 250, 330 және 450 миллилитрлік алюминий банкалар мен оларға арналған қақпақтар кіреді. Мұндай қаптамалар газдалған және газдалмаған сусындар, шырындар мен өзге де сусын түрлерін құюға арналған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жобаның кезеңдеріне қарай кеңейтіліп, жылдық өндіріс көлемін бірнеше миллиард данаға дейін жеткізу көзделген.
«QazAlPack» қызметінің ел экономикасы үшін маңызы зор. Кәсіпорынның іске қосылуы отандық сусын өндірушілерді қажетті қаптамамен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және ішкі нарықтағы өндірістік байланысты нығайтуға ықпал етті. Сонымен қатар кәсіпорын өнімдері шетелдік нарықтарға да бағытталып, Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға үлес қосуда.
Зауыт жұмысының тағы бір маңызды бағыты – экологиялық жауапкершілік. Алюминий қаптамалар қайта өңдеуге жарамды болғандықтан, оларды пайдалану қалдықтарды азайтуға және айналым экономикасын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл қазіргі әлемдік өндірістегі экологиялық талаптармен үндеседі.
Венгрия делегациясының кәсіпорынға сапары Шымкенттің өнеркәсіптік әлеуетін халықаралық деңгейде таныстыру тұрғысынан маңызды. Мұндай кездесулер екі елдің өңірлері арасындағы экономикалық байланыстарды жандандырып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, технологиялық тәжірибе алмасуға және жаңа іскерлік әріптестіктер орнатуға жол ашады.
Шымкент қаласында заманауи өндіріс орындарының дамуы мегаполистің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің халықаралық өнеркәсіптік байланыстарын кеңейтуге де мүмкіндік береді. Ал «QazAlPack» сияқты жоғары технологиялы кәсіпорындар отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, Қазақстанның индустриялық дамуындағы маңызды буынға айналып келеді.




