Шымкентте кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау құралдары мен бизнестің өзекті мәселелерін шешу жолдары таныстырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шымкент қаласы бойынша өңірлік филиалының директоры Әсет Тлемісов баяндама жасады.
Биыл «Даму» қорының құрылғанына 29 жыл толды. Осы уақыт ішінде қор кәсіпкерлерді қолдаудың негізгі институттарының біріне айналды. 2026 жылдың басынан бері Шымкентте жалпы сомасы 28,11 млрд теңгені құрайтын 330 жобаға қолдау көрсетілген. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген қаржыландыру, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және несиелерге кепілдік беру тетіктері ұсынылып келеді.
Баспасөз конференциясында кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің бірнеше бағытына тоқталды. Атап айтқанда, «Өрлеу» бағдарламасы аясында инвестициялық жобаларға 7 млрд теңгеге дейін қаржы бөлу қарастырылған. Қаржыландыру мерзімі 10 жылға дейін, ал жылдық мөлшерлеме 12,6 пайыздан аспайды. Бағдарлама өңдеу өнеркәсібі, туризм, IT және креативті индустрия салаларындағы жобаларды қамтиды. Биыл осы бағыт бойынша 7,4 млрд теңгеге 24 жобаға қолдау көрсетілген.
Кәсіпкерлер үшін кепілдік беру тетігі де маңызды. Кепіл мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда, қор 7 млрд теңгеге дейінгі қаржыландыру бойынша несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік ұсынады. Ал, 7 млрд теңгеден асатын жобаларға екінші деңгейлі кепілдік қорының құралдары қолданылады. Қазіргі таңда Шымкенттегі кепілдік беру портфелінде жалпы сомасы 22,4 млрд теңгені құрайтын 121 жоба бар.
Сонымен қатар, «Іскер Аймақ» бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің несие бойынша пайыздық мөлшерлемесінің 40 пайызы субсидияланады. Әлеуметтік кәсіпкерлер үшін субсидия мөлшері 90 пайызға дейін жетеді. Биыл қалада жалпы сомасы 3,5 млрд теңгені құрайтын 56 жоба осы қолдау тетігіне қамтылған.
Әсет Тлемісов кәсіпкерлерге көрсетілетін көмекті қаржыландырумен ғана шектемеу қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта кәсіпкерлердің түйткілді мәселелерін кешенді шешуге бағытталған Кәсіпкерлікті қолдау және сүйемелдеу орталығы жұмысын бастаған.
– Орталықтың негізгі мақсаты – кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін “бір терезе” қағидаты бойынша шешуге практикалық қолдау көрсету. Негізгі бағыттар – банктер мен бюджет алдындағы берешекті реттеу, қаржыландыруға қолжетімділікті қалпына келтіру, өнімді өткізу және бизнестің қаржылық тұрақтылығын арттыру. Қажет болған жағдайда мемлекеттік органдар, әкімдік, банктер, лизингтік компаниялар және “Бәйтерек” холдингінің еншілес ұйымдары тартылады. Күрделі мәселелер ведомствоаралық деңгейде қаралады. Орталық өтінішті қабылдап қана қоймай, мәселені анықтап, оны шешу жолын белгілейді және кәсіпкерді нақты нәтиже алынғанға дейін сүйемелдейді. Біздің мақсатымыз – кәсіпорындардың қызметін сақтап, жұмыс орындарын қорғауға, өндіріс пен кірісті арттыруға және қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ету, — деді Әсет Сағадатұлы.
Кәсіпкерлерге қаржылық емес қолдау да көрсетіледі. Атап айтқанда, online.damu.kz платформасында тегін оқыту курстары мен консультациялық қызметтер қолжетімді. Бұған қоса, Halyk Market және Forte Market алаңдары арқылы кәсіпкерлердің өнімдерін өткізуіне жәрдем беріледі.




