Шымкент шаһарында жастардың рухани-шығармашылық әлеуетін арттырып, әдеби мұраны терең тануына жол ашқан «Кітап уақыты» жобасы қалалық жастар саясаты басқармасының қолдауымен және «Қызмет» ЖШС газетінің директоры, «Серпіліс» қоғамдық қорының директоры, журналист Бейсенкүл Нарымбетованың ұйытқы болуымен биыл маусым айында қолға алынды. Аталмыш ауқымды жобаның басты мақсаты – өскелең ұрпақ арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, қазақ әдебиетін кеңінен насихаттау және жастардың оқуға деген қызығушылығын арттыру.
Бұл бастамаға Шымкент қаласының жастарынан, мектеп мұғалімдері мен оқушылардан және кітапханашылардан құралған «Ғаламат», «Руханият», «Шабыт», «Әл-Фараби», «Жалын», «Шаңырақ», «Ұшқыр ұя», «Алқа», «Айқап», «Парасат», «Жаңа леп», «Талқы» т.б сынды оннан астам оқырман клубтары үздіксіз атсалысып, мазмұнды ойталқылар өткізді. Әрбір кездесу соңында белсенділік танытқан қатысушыларға құнды да қызықты кітаптар сыйға тартылып отырды.
Қала кітапханаларында өткен он түрлі кітап талқылауының қорытындысы ретінде №2 Оқушылар сарайында «Кітап түні» фестивалі өтті. Руханиятты ұлықтаған шарада қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Төлеген Айбергеновтің шығармашылығы талқыланып, Фариза Оңғарсынованың өлеңдері оқылды. Қатысушылар сырлы жырлар арқылы ұлттық поэзияның тереңдігіне бойлап, әдебиет пен өнер тоғысқан кештен ерекше әсер алды.
Мемлекет тарапынан жастардың рухани дамуына, кітап оқу мәдениетін насихаттауға жүйелі түрде көңіл бөлініп келеді. Қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Әбдіәкімов бұл бастаманың маңызына тоқтала келе: «Бүгінгі өткізіліп отырған шара – Мемлекет басшысының оқырмандар қатарын қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асырудың маңызды қадамы. Бұл басқосу жастардың кітапқа деген құштарлығын арттырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды ұлықтайды», – деп атап өтті.
Аталмыш фестивалге қатысқан жастар мен оқырман қауым әдебиет төңірегінде ой бөлісіп, өз әсерлерімен бөлісті. Шара барысында би биленіп, ән шырқалып, нағыз өнер мен кітап сүйер қауымның басын қосқан орта қалыптасты. Осындай мазмұнды кездесулер мен мемлекеттік қолдаулардың арқасында қоғамдағы кейбір жаңсақ пікірлердің негізсіз екені көрінеді. «Серпіліс» қоғамдық қорының директоры Бейсенкүл Нарымбетова жастардың кітап оқымайды деген көзқарасқа қарсы екенін жеткізіп: «Мен жалпы бүгінгі жас буынды кітап оқымайды дегенге қарсы адаммын. Өйткені мемлекетіміз оқитын ұлтты қалыптастыру жолында тұрақты түрде жүйелі жұмыс істеп келеді. Жастар кітап оқымайды деген – қате пікір, шын мәнінде оқитын жастар бар, тек оларға тиісті орта қажет», – деді.
Фестиваль соңында белсенділік танытқан қатысушылар мен оқырман клубтары марапатталып, Жастар саясаты басқармасының Алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар үздік кітап оқушылар клубына 50 мың теңгелік сертификат табысталды.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында мұндай рухани кездесулердің жалғасатынын жеткізді.
#шымкентоқитынқала
#шымкентжастары
#кітапуақыты
#шымкентжастарсаясаты-басқармасы
#серпілісқоғамдыққоры




