Шымкентте ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, халықты қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
2026 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында қала бюджетінен 10,6 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат аясында ірі сауда желілерімен және жергілікті өндірушілермен келісімдер жасалып, әлеуметтік маңызы бар өнімдерді белгіленген шекті бағамен өткізу тетіктері іске асырылуда.
Қазіргі уақытта қалада 100-ге жуық әлеуметтік сауда орнында негізгі азық-түлік өнімдері белгіленген шекті бағамен сатылып жатыр. Сонымен бірге тұрғындарға ауыл шаруашылығы өнімдерін қолжетімді бағамен ұсынатын 18 «Бақша» әлеуметтік павильоны жұмыс істейді.
Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 101,5 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш өңірлер арасында 9-10 орын деңгейінде қалыптасты.
Азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында арнайы комиссия тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. 2026 жылы комиссияның 33 отырысы өткізіліп, 917 кәсіпкердің электрондық шот-фактураларына талдау жасалды.
Жүргізілген талдау нәтижесінде 137 кәсіпкерге әкімшілік шара қолданылды. Сонымен қатар нарықтағы бағаның өсуіне әсер ететін факторлардың бірі ретінде 55 өнімсіз делдал анықталған.
Халықты тікелей өндірушілерден ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етудің тағы бір тиімді тетігі – жәрмеңкелер. Қалада апта сайын бес жерде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді. Мұнда өнімдер нарықтағы орташа бағадан 10-15 пайызға төмен бағамен ұсынылады.
Жыл басынан бері қалада 232 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, оған 200-ден астам кәсіпкер қатысты. Мұндай жәрмеңкелер жергілікті тауар өндірушілерге өнімін тікелей тұтынушыға ұсынуға мүмкіндік берсе, тұрғындар үшін азық-түлікті делдалсыз сатып алуға жағдай жасайды.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту жұмыстарымен қатар жүзеге асырылуда. Жергілікті өнім көлемінің артуы ішкі нарықты қамтамасыз етуге және сырттан жеткізілетін тауарларға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Осы бағытта қалада ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, сақтау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріліп отыр. Жаңа жылыжайлар, сүт фермалары, құс шаруашылығы кәсіпорындары мен көкөніс сақтау қоймаларының іске қосылуы нарықтағы жергілікті өнім көлемін ұлғайтуға бағытталған.
Сонымен бірге ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары да ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуы үшін маңызды. Мал басының өсуі мен өндіріс көлемінің артуы ветеринариялық бақылаудың тиімді жүргізілуін және өнім қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қажет етеді.
Осылайша Шымкентте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бірнеше бағытты қатар қамтып отыр. Бір жағынан, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі арттырылып, жаңа технологиялар енгізілсе, екінші жағынан, өнімді сақтау мен қайта өңдеу инфрақұрылымы дамуда. Үшінші бағытта халық үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қолжетімділігін қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру шаралары жүргізілуде.
Бұл жұмыстардың барлығы жергілікті өндірісті қолдауға, азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты сақтауға және қала тұрғындарының сапалы өнімге қолжетімділігін арттыруға бағытталған.




