Шымкентте тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, жаңа тұрғын үйлер салу және ескірген көпқабатты үйлерді жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Қаладағы құрылыс саласының биылғы жоспары аясында тұрғын үймен қатар инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын іске асыру көзделген.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Қылышбекұлы мәлімдеді.
2026 жылы қалада құрылыс басқармасы тарапынан барлығы 66 нысанды іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 32 тұрғын үй, 3 инженерлік инфрақұрылым нысаны және 31 әлеуметтік нысан бар. Жоспарланған жобалардың жүзеге асуы қаланың тұрғын үй қорын ұлғайтып қана қоймай, халық үшін қажетті әлеуметтік және инженерлік жағдайларды жақсартуға бағытталған.
Тұрғын үй құрылысы бойынша жыл соңына дейін жалпы аумағы 102 мың шаршы метр болатын 32 көпқабатты үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл үйлерде барлығы 1 243 пәтер қарастырылған. Жаңа тұрғын үйлердің 12-сі Тұран шағынауданында, 20-сы Бозарық шағынауданында орналасқан.
Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету және кредиттік тұрғын үй қорын қалыптастыру мақсатында 2026 жылы 2 018 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Бүгінде оның 720-сы сатып алынған. Қалған 1 298 пәтерді жыл соңына дейін сатып алу көзделген.
Жаңа үйлердің салынуымен қатар, тұрғын аудандардағы инженерлік инфрақұрылымды дамытуға да көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда Бозарық шағынауданында екі, Тұран шағынауданында бір инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Үш жобаны да жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Қаладағы тұрғын үйлердің сапасына бақылау жүргізу де маңызды бағыттардың бірі. Құрылыс басқармасының есебінде қазіргі таңда кепілдік мерзімі бар 175 көппәтерлі тұрғын үй бар. Аталған үйлердегі 9 226 пәтер тұрақты бақылауда.
2026 жылдың басынан бері тұрғын үйлерді тексеру барысында 355 кемшілік анықталған. Оның 348-і мердігер ұйымдар тарапынан қалпына келтірілді. Қалған 7 кемшілік бойынша тиісті жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл тұрғын үйлердің құрылыс сапасын сақтауға және анықталған ақауларды кепілдік мерзімі ішінде жоюға мүмкіндік береді.
Шымкентте бұған қоса апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңғырту мәселесіне де басымдық беріліп отыр. Қала бойынша 66 көпқабатты үйді кезең-кезеңімен сүріп, тұрғындарын жаңа баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған жол картасы әзірленіп, қайта бекітілген.
2026 жылы апатты деп танылған 13 үйдегі 114 пәтер тұрғындарын реновация бағдарламасы аясында жаңа үйлерге көшіру жоспарланған. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған.
Еңбекші ауданында аталған бағыттағы жұмыстардың алғашқы нәтижелері бар. Инвестор «B like» ЖШС бес жаңа тұрғын үй салып, олардың тұрғындарын жаңа баспаналарға көшіру жүзеге асырылған. Қазіргі таңда тағы төрт тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ал қалған төрт үйді салу үшін инвесторларды тарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Осылайша, Шымкентте тұрғын үй саясаты бірнеше бағытта қатар жүргізілуде. Бір жағынан, жаңа көпқабатты үйлер салынып, тұрғын үй қоры ұлғайтылса, екінші жағынан, әлеуметтік санаттағы азаматтарға арналған пәтерлер сатып алынуда. Сонымен бірге ескірген тұрғын үйлерді жаңарту, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және құрылыс сапасын бақылау жұмыстары қатар жүзеге асырылып келеді.
Алдағы кезеңде жоспарланған нысандарды уақытылы аяқтау, тұрғын үй сапасын бақылауды жалғастыру және апатты үйлердің тұрғындарын жаңа баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасады.




