Шымкентте атмосфералық ауаның сапасын бақылау және тұрғындардың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг барысында қоршаған ортаға әсер етуі мүмкін химиялық, физикалық және биологиялық факторлар зерттеледі.
2026 жылдың алғашқы сегіз айында атмосфералық ауаның 10 218 сынамасы зертханалық тексеруден өткізілді. Сынамаларды Шымкент қалалық филиалының мамандары Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша «Ұлттық сараптама орталығы» РМК филиалымен бірлесіп зерттеген.
Зерттеу үшін ауа сынамалары автомобиль қозғалысы қарқынды жолдардан, елді мекендерге жақын аумақтардан және санитариялық-қорғау аймақтарының шекараларынан алынған. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде атмосфералық ауа құрамындағы зиянды заттардың шекті жол берілетін концентрациядан асу жағдайлары тіркелмеген.
Қала бойынша ауа сапасын бақылауға арналған 87 бақылау нүктесі белгіленген. Сонымен бірге орташа тәуліктік ауа сынамаларын алу үшін 14 бақылау нүктесі жұмыс істейді. Мониторинг барысында көлік қозғалысы жоғары көшелерге және өнеркәсіптік кәсіпорындардың ықпал ету аймағында орналасқан елді мекендерге ерекше назар аударылады.
Атмосфералық ауаның жағдайын бақылаумен қатар, тұрғындардың жағымсыз иістерге қатысты өтініштері де назардан тыс қалмайды. 2026 жылдың сегіз айында «I-Komek» және «Call-center 109» арқылы 67 шағым тіркелсе, «Е-өтініш» жүйесіне 13 өтініш түскен.
Тұрғындардан келіп түскен барлық өтініш бойынша атмосфералық ауаға зертханалық зерттеу жүргізілген. Зерттеу нәтижесінде белгіленген шекті рұқсат етілген нормадан ауытқу анықталмаған.
Мамандардың тұрақты бақылауы қала тұрғындарынан түсетін шағымдарға жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Осы мақсатта атмосфералық ауа сапасын бақылауға жауапты мамандардың кезекшілігі ұйымдастырылған.
Жағымсыз иіс немесе ауа сапасына қатысты шағым түскен жағдайда тиісті аумақта мониторинг жүргізіліп, ауа сынамалары алынады. Бұл жұмыстар тұрғындардың өтініштерін қараумен қатар, экологиялық жағдай туралы нақты мәліметтер жинауға мүмкіндік береді.
Атмосфералық ауаның сапасын жүйелі бақылау қаладағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды бағалаудың маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Көлік қозғалысы мен өндірістік нысандар шоғырланған аумақтарға тұрақты мониторинг жүргізу ықтимал өзгерістерді уақытылы анықтауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда жүргізілген зерттеулер бойынша атмосфералық ауа құрамында белгіленген нормадан асатын көрсеткіштер анықталмаған. Сонымен бірге бақылау жұмыстары тоқтатылмай, тұрғындардың өтініштері мен ауа сапасына қатысты жағдай тұрақты түрде қадағалана береді.




