Шымкентте инвестициялық белсенділік артып, өнеркәсіптік өндіріс көлемі өсіп келеді. 2026 жылдың алғашқы алты айындағы көрсеткіштер қаланың экономикалық дамуында өндіріс пен инвестицияның үлесі күшейіп келе жатқанын аңғартады. Негізгі капиталға 308,3 млрд теңге инвестиция тартылып, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 817,5 млрд теңгеге жеткен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемінің 111 пайызға өсуі – мегаполистің экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған жұмыстардың нәтижесі.
Бұл өсімнің маңызды бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Алты айда өңдеу секторында 709,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Саладағы нақты көлем индексінің 109,6 пайызды құрауы Шымкент экономикасының біртіндеп шикізаттық емес бағыттарға бет бұрып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе сусын, металлургия, химия, машина жасау, дайын металл бұйымдары, резеңке және пластмасса, тамақ, қағаз, фармацевтика өндірістеріндегі өсім қаладағы өндірістік базаның кеңейіп жатқанын байқатады.
Қазір Шымкенттің өнеркәсіп саласында 808 белсенді кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 723-і өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Бұл көрсеткіштің өзі қаланың өндірістік құрылымында шағын және орта кәсіпкерліктің де орны айтарлықтай екенін көрсетеді. Яғни инвестиция тек ірі кәсіпорындарға емес, жаңа өндірістер ашып, жұмыс орындарын құратын шағын және орта бизнеске де бағытталуда.
Инвестиция көлемін арттыруда индустриялық аймақтардың рөлі ерекше. Бүгінде қалада жалпы аумағы 1 394 гектарды құрайтын сегіз индустриялық аймақ жұмыс істейді. Мұнда жалпы құны 453,8 млрд теңге болатын 348 жоба жүзеге асырылып, 8 960 жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл – индустриялық аймақтардың тек өндіріс орналастыратын аумақ емес, жаңа жұмыс орындары мен экономикалық белсенділікті қалыптастыратын маңызды құралға айналғанын көрсетеді.
Алдағы жылдары бұл мүмкіндік одан әрі кеңеймек. Қалада жалпы аумағы 1 585 гектар болатын бес жаңа өндірістік алаңды қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның қатарында «Жұлдыз» индустриялық аймағы мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын кеңейту, «Темір» индустриялық аймағын құру және Сауда-логистикалық орталығын ұлғайту жобалары бар.
Мәселен, Сауда-логистикалық орталығын 136 гектарға кеңейту аясында 107,4 млрд теңгенің 19 жобасын іске асырып, 1 105 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бұл жобалардың жүзеге асуы Шымкенттің тек өндірістік емес, сауда-логистикалық хаб ретіндегі әлеуетін де арттыра алады.
«STANDARD» жеке индустриялық аймағының бірінші кезеңінде құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Мұнда шағын және орта бизнеске арналған 25 өндірістік парк орналастырылады. Қазірдің өзінде құны 4,2 млрд теңгені құрайтын жеті жоба орналасқан. Мұндай нысандардың көбеюі өндіріс ашуға қажетті инфрақұрылымды дайын күйінде ұсыну арқылы кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады.
Инвестициялық жоспарлардың ауқымы бұдан да кең. 2026–2030 жылдарға арналған жалпы құны 4,46 трлн теңге болатын 164 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылған. Егер бұл жобалар толық іске асса, 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ал биыл қала экономикасына 950 млрд теңге инвестиция тарту межесі қойылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайыздық өсімді көздейді.
Шетелдік капитал тарту бағыты да назарда. 2026 жылға Шымкент үшін тікелей шетелдік инвестиция көлемі 183 млн АҚШ доллары деңгейінде белгіленген. Бірінші тоқсанда 26,5 млн доллар инвестиция тартылған. Оның 12,5 млн доллары өңдеу өнеркәсібіне бағытталған. Тікелей шетелдік инвестициялардың 47,1 пайызының өңдеу өнеркәсібіне келуі шетелдік капитал үшін де қосылған құны жоғары өндірістердің маңызын арттырып отырғанын аңғартады.
Алайда инвестицияның тиімділігі тек тартылған қаржы көлемімен өлшенбеуі керек. Оның қала экономикасына нақты әсері – өндіріс көлемінің артуы, тұрақты жұмыс орындарының ашылуы, салық базасының кеңеюі және жергілікті өнім үлесінің көбеюі арқылы бағаланады. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкентте іске қосылып жатқан жаңа өндірістердің маңызы зор.
Мысалы, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында макулатураны қайта өңдеп, картон қаптама өндіретін «Shymkent Qagazy» зауыты іске қосылды. Инвестиция көлемі 2,5 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын қайталама шикізатты қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл жоба өндірістік тиімділікпен қатар экологиялық бағыттың да инвестициялық саясатпен ұштасып келе жатқанын көрсетеді.
«Жұлдыз» индустриялық аймағында шағын және орта бизнеске арналған өндірістік аймақ пен аккумуляторларды кәдеге жаратуға бағытталған жаңа нысанның іске қосылуы да өндірістік тізбекті кеңейтуге бағытталған. Ал алюминий профильдерін өндіретін «Himmel Aluminium» зауыты өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін күшейтіп, құрылыс саласын отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өндіріс орындарының көбеюі жұмыспен қамту мәселесіне де тікелей әсер етеді. Бұл ретте Шымкентте еңбек ресурстарын тиімді пайдалану үшін түзету мекемелеріндегі азаматтарды да өндірістік еңбекке тарту тәжірибесі қолданылып отыр. Қазір қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі 1 533 сотталған ақылы жұмыспен қамтылған. Бұл – олардың жалпы санының 77,4 пайызы. Бірқатар кәсіпорындардың өндірістік алаңдары арқылы 1 235 адам жұмыс істеп отыр.
Мұндай тәсіл еңбекке қабілетті азаматтарды экономикалық айналымға тартумен қатар, олардың кәсіби дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. №53 мекемесінде жаңадан салынған өндірістік ангарда жиһаз өндірісінің іске қосылып, 55 адамның жұмыспен қамтылуы осы бағыттағы нақты мысал бола алады.
Инвестициялық белсенділік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаумен де сабақтасып отыр. 2026 жылы шағын және орта бизнесті қолдауға 14,54 млрд теңге қарастырылған. Жылдың алғашқы бес айында 1 430 жобаға 2,66 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Бұған қоса жеңілдетілген несие мен кепілдік беру құралдары арқылы кәсіпкерлердің қаржыға қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік жасалуда.
Кәсіпкерліктің дамуы сауда көрсеткіштерінен де байқалады. Бірінші жартыжылдықта Шымкенттегі жалпы сауда көлемі 1,989 трлн теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 21,8 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш тұтыну нарығындағы белсенділіктің сақталғанын ғана емес, бизнестің экономикалық айналымдағы үлесінің артып келе жатқанын да көрсетеді.
Шымкенттің қазіргі экономикалық бағытына қарасақ, инвестиция тарту саясаты бір ғана жаңа зауыт салумен шектелмейді. Оның аясында индустриялық аумақтарды кеңейту, инженерлік инфрақұрылым жүргізу, кәсіпкерлерге қаржылық қолдау көрсету, жаңа өндірістерді іске қосу және жұмыс орындарын ашу секілді өзара байланысты бірнеше бағыт қатар дамып келеді.
Дегенмен, алдағы кезеңдегі негізгі міндет – жарияланған инвестициялық жобалардың нақты жүзеге асуын қамтамасыз ету. Өйткені инвестициялық пулдың көлемі қаншалықты ірі болғанымен, оның нәтижесі зауыттар іске қосылып, өнім өндіріліп, жұмыс орындары ашылған кезде ғана сезіледі. Сондықтан Шымкент үшін инвестиция тартудың келесі кезеңі саннан сапаға, жоспардан нақты нәтижеге көшуімен маңызды.
Бүгінде қалада қалыптасып отырған өндірістік база мен инвестициялық жобалар осы мақсатқа қажетті негізді қалыптастырып отыр. Егер жоспарланған жобалар уақытында жүзеге асып, жаңа кәсіпорындар тұрақты жұмыс істесе, бұл Шымкент экономикасын әртараптандырып қана қоймай, мегаполистің жаңа өндірістік орталық ретіндегі орнын одан әрі бекемдей түспек.




