Шымкенттің дәрігерлері «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасына енген бастамаларына қолдау танытты. Құрылтай депутаттығына кандидаттармен кездескен медициналық қауымдастықтың өкілдері денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медициналық қызметтерді цифрландыру, диагностиканы қолжетімді ету және жедел жәрдем қызметкерлеріне арналған қолдау шаралары туралы әңгіме өрбітті.

«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Қазақстанның аймақ-аймағын сапарлап жүр. Шымкенттегі сапары аясында кандидаттар оқу-симуляциялық орталығына барып, дәрігерлермен кездесті. Кандидаттар денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді тыңдап, «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған ұсыныстарын таныстырды.
Талқыланған басты тақырыптардың бірі – медицина саласын цифрландыру болды. Партия сайлауалды бағдарламасында Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құруды ұсынған. Бұл жүйе МӘМС, аурухана, емхана, дәріхана мен жедел жәрдемнің ақпаратын бірыңғай цифрлы кеңістікке біріктіреді деп көзделіп отыр.

Бастама авторларының айтуынша, осы жүйе арқылы дәрігерлер науқас туралы мәліметті әртүрлі базадан емес, бір жерден ала алады. Ал, азаматтар үшін мобильді қосымша арқылы өзінің бірыңғай медициналық тарихын көріп отырады. Сондай-ақ олар талдауының нәтижесін, дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмекті де оқып біледі.
«Қазақстанның әрбір азаматы ауылда тұрса да, қалада тұрса да сапалы медициналық қызметке теңдей қол жеткізе алуы керек. Сондықтан, партия Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе енгізуді ұсынады», — деді партия төрағасы Айбек Дәдебай.
«Әділет» партиясының бағдарламасындағы тағы бір маңызды бағыт – аурулардың алдын алу. Осындай профилактика арқылы науқастың дерті ерте анықталса, оның емі де нәтиже береді. Сондықтан, партия өңір тұрғындары үшін заманауи диагностика мен сапалы медициналық қызметті қолжетімді ете түспек.
Сайлауалды бағдарламадан бөлек дәрігерлер күнделікті жұмысында кездесетін мәселелерді қозғап, ұсыныстарын айтты.
Мысалы, қалалық жедел жәрдем станциясының меңгерушісі Әлжан Арыстанбаев «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қолдау шараларын жедел жәрдем қызметкерлері үшін де қолжетімді етуді ұсынды. Яғни, оларға да тұрғын үй алуға қолдау жасалып, бір реттік төлемдер берілген жөн.
Құрылтай депутаттығына кандидат Бөріхан Нұрмұхамедовтің айтуынша, бұндай ұсыныстарды заңнамалық деңгейде талқылау керек.
«Біз күні-түні қызмет ететін жедел жәрдем қызметкерлері үшін де тұрғын үй бағасын субсидиялау, жеңілдікпен тұрғын үй алу бағдармалары сияқты қосымша қолдау шараларын енгізу жөніндегі ұсыныстарды заңнамалық деңгейде талқылауға шығаруға дайынбыз», — деді ол.
Осылайша, Шымкенттегі талқылау екіжақты сипатқа ие болды: бір жағынан партия өкілдері өз бағдарламаларын таныстырса, екінші жағынан дәрігерлер өз ұсыныстарын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін саясаттанушы Данияр Әшімбаев «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған реформаларды одан әрі дамытып, ең маңызды деген әлеуметтік мәселелердің шешімін ұсынады деген еді.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.




