«Әділет» партиясының жетекшілігімен республикалық сайлауалды штаб мүшелері Шымкентте мәдениет және өнер саласының өкілдерімен кездесті. Олар кітап оқу мәдениетін дамыту, ұлттық мәдени мұраны сақтау, театрлар мен креативті индустрияларды қолдау мәселелерін талқылады, сондай-ақ «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырды.

Құрылтай депутаттығына кандидат Жанарбек Әшімжанов партия Президенттің зияткер ұлт қалыптастыру және оқу мәдениетін дамыту бағытын қолдайтынын айтты.
«Партияның сайлауалды бағдарламасында «Оқитын ұлт» жалпыұлттық бағдарламасын іске асыру көзделген. Біз кітапхана ісі мен кітап басып шығару туралы заң қабылдауды, Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құруды, кітапхана қорларын жыл сайын жаңартып отыруды, сондай-ақ балаларға, жасөспірімдерге және ғылыми-көпшілік әдебиетке қолдауды кеңейтуді ұсынамыз», — деді Жанарбек Әшімжанов.
Кездесу барысында Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының директоры Дархан Балажанов театр өнері мен ұлттық драматургияны қолдау мәселелері туралы сұрақтар қойды. Оған жауап берген Құрылтай депутаттығына кандидат Дихан Қамзабекұлы партияның жас таланттарды қолдауға, ұлттық драматургияны дамытуға және отандық шығармашылық өнімді ілгерілетуге басымдық беретінін айтты.
Жиын соңында республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі Айбек Дәдебай партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі – мәдениетті қолдау екенін мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы шығармашылық зиялы қауымның қоғамды дамытудағы айрықша рөлін бірнеше рет атап өтті. «Әділет» партиясы бұл ұстанымды толық қолдайды. Сондықтан сайлауалды бағдарламамызда мәдениет пен креативті экономиканы дамытуға арналған кешенді шаралар ұсынылған. Атап айтқанда, қазақстандық креативті өнімдерді – киноны, музыканы, анимацияны және халық қолөнері бұйымдарын халықаралық нарыққа шығаруды, қолөнершілердің құқықтық мәртебесін заңмен бекітуді, креативті индустрияларды қолдау шараларын кеңейтуді, сондай-ақ оқу мәдениетін, кітапхана ісін және кітап басып шығару саласын одан әрі дамытуды ұсынамыз», — деді Айбек Дәдебай.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысының қолөнершілерімен өткен кездесуде қолөнерді дамыту мәселесі талқыланған болатын. «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасында алдағы үш жылда креативті экономиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесін 3 пайызға дейін жеткізу және қолөнершілердің құқықтық мәртебесін заңмен бекіту көзделген.
Шымкенттегі мәдениет өкілдерімен кездесуде айтылған ұсыныстар да партияның алдағы заң шығару жұмысына негіз болады.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.




