Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2024 жылғы 29 сәуірдегі бұйрығының негізінде құрылған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Сабыр Рахымов атындағы Әскери колледжіне биыл 2 жыл толды.
Осы айтулы дата мен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай әскери колледждің жеке құрамы Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған «Ашық есік күнін» ұйымдастырды. Шараға сондай-ақ Қарулы күштер мен аймақтық қақтығыстар ардагерлері қатысты.
Іс-шара барысында Шымкент гарнизонының әскери бөлімдері арнайы көрме ұйымдастырып, әскери киім үлгілері мен қару-жарақ түрлерін таныстырды. Қонақтарға әскери колледждің оқу-материалдық базасы көрсетілді.
Ауқымды іс-шараға шамамен 500-ге жуық оқушы қатысты. Мерекелік бағдарлама салтанатты саптық жиыннан басталды. Әскери колледждің штаб бастығы, подполковник Нұржан Сарсенбаев жеке құрамның толық сапқа тұрғызылғанын баяндады.
Әскери колледж бастығы, полковник Мақсат Ахшаловтың айтуынша, оқу орны Шымкент қаласындағы «Жас ұлан» әскерилендірілген мектебінің базасында Сабыр Рахымов атындағы әскери колледж болып 2024 жылы қайта құрылды.
– Біз әскери мектептің бай тарихын сақтай отырып, оны одан әрі дамытып келеміз. 1984 жылы негізі қаланған бұл білім ордасы бүгінде жаңа форматта жұмыс істеп, өскелең ұрпаққа әскери қызметтің түрлері мен тектері туралы жан-жақты ақпарат беруге бағытталған. Бүгінгі шара да – осы мақсаттағы жұмыстардың бірі. Бұл тек колледж ұжымының ғана емес, Шымкент гарнизоны әскери бөлімдерінің бірлескен іс-шарасы, – деді колледж бастығы.
Шара барысында оқушыларға әскери мамандықтардың ерекшеліктері мен артықшылықтары кеңінен түсіндіріліп, әскери қызметтің қыр-сыры таныстырылды. Қонақтар оқу сыныптарын, казармалық үй-жайларды және спорт залдарын аралап, курсанттардың күнделікті тұрмысымен танысты.
Сонымен қатар, әскери қызметшілер қару-жарақ түрлерін таныстырып, олардың тактикалық-техникалық сипаттамалары туралы ақпарат берді. Көрме алаңында жастар қару-жарақты жақыннан көріп, әскери техникамен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шара аясында әскери қызметшілердің қатысуымен саптық көрсетілімдер мен әскери-патриоттық бағыттағы көріністер ұйымдастырылып, оқушыларға ерекше әсер сыйлады. Көптеген оқушылар әскери қызметке қызығушылық танытып, мамандарға сұрақтарын қойып, болашақта әскери оқу орындарына түсуге ниетті екендерін білдірді.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі




