Түркістан облысы, Арыс қаласы,Тұран шағын ауданындағы мына үйлер осыдан бір жыл бұрын әлеуметтік осал топтағы отбасыларға берілген. Кілтін қолына алған жұрттың қуанышы бүгінде өкінішке айналды. Өйткені үйлердің ақауы күн өткен сайын анық байқалуда.
Қаз-қатар тізілген баспаналар сырттай мінсіз көрінеді. Тұрғындардың айтуынша ішіне кірсең жағдай мүлде басқа. Үйлердің төбесі тым жұқа салынған. Салдарынан қабырғаларды сыз басып, көгеріп жатыр.
Үйдің сапасына шағымданған сайын, әкімдік қызметкерлері өзімізге қарсы шығып, қоқан-лоққы көрсетеді дейді тұрғындар.
Мұнда инфрақұрылым мәселесі де толық шешілмеген. Көшелерде жол да, жарық та жоқ. Жауын жауса, тұрғындар тобықтан балшық кешеді. Ал жауаптылар мәселені қаржыға тіреп отыр.
Мұндағы тағы бір күрделі мәселе – газдың жоқтығы. Әуелде газ тартылуы тиіс болған үйлерде бүгінде электр қазандықтары орнатылған. Соның кесірінен халықтың шығыны артып, қаржылық қиындыққа тап болған.
Тұрғындар мәселені талай рет көтерген. Алайда билік тарапынан нақты әрекеттің болмауына наразы.
Аз қамтылған отбасылар өздерін билік назарынан тыс қалғандай сезінеді. Айтуларынша, нақты қолдау жоқ. Егер мәселе шешілмесе, Астанаға барып, жоғары жаққа шағымданбақ.




