Шымкент қаласындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында бітіруші сынып оқушылары үшін ашық есік күні өтті. Әскери бөлімнің қонақтары ретінде А.С. Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушылары қатысты.
Бір қарағанда дәстүрлі шара ерекше форматта өтті — экскурсия жүргізуші әрі спикер ретінде осыдан небәрі жарты жыл бұрын мектеп оқушылары мен студент болған мерзімді қызметтегі сарбаздардың өздері сөз сөйледі.
Бақылау-өткізу пунктінен өтіп, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық алғаннан кейін оқушылар саптық алаңға жиналды. Олардың алдында күзгі шақырылым сарбаздары қарумен және қарусыз орындалатын қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсетті.
Кейін оқушылар алдында мерзімді қызмет сарбаздары қатардағы жауынгерлер Рамазан Асқар мен Михаил Иванов сөз сөйледі. Олар өздерінің әскерге келу жолдары туралы айтып, бірнеше жыл бұрын өздері де осы әскери бөлімге экскурсияға келгендерін атап өтті. Айта кетсек, Михаил Иванов – №41 мектеп-лицейінің 2022 жылғы түлегі.
– Өзімнен айтарым, әскерге келген алғашқы күндері бізде де қорқыныш болды. Қайда келдік, қызмет қалай өтеді деген ойлар болды. Бірақ уақыт өте келе, алты айдың ішінде бәріне үйрендік. Қарумен жұмыс істеуді, сапта жүруді, ұжыммен әрекет етуді, тәртіпті меңгердік. Біздің әскери бөлім – элиталы бөлімдердің бірі. Байқаған боларсыздар, біздің форма да ерекше. Мұндай киімді тек ұшқыштар мен біздің бөлімнің жауынгерлері ғана киеді. Сондықтан айтарым – әскерден қорқудың қажеті жоқ. Әскери қызмет адамды өзгертеді, шыңдайды. Мұнда әркім өз ісіне өзі жауап береді. Осы жерде адам есейеді, тәртіпке үйренеді, – деді қатардағы жауынгер Рамазан Асқар.
Сапар барысында қонақтар әскери қызметшілердің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысты. Іс-шара бағдарламасы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріндегі қызметтің негізгі бағыттарын қамтыды. Оқушыларға бақылау-өткізу пункті, саптық алаң, казарма бөлмелері мен оқу сыныптары көрсетіліп, әскери қызметті атқару тәртібі мен ішкі тәртіп ерекшеліктері түсіндірілді.
Казармада рота старшинасы мен қатардағы жауынгер Рамазан Усейн төсек жинау тәртібін көрсетіп, жеке заттарды орналастыру ерекшеліктерін түсіндірді. Оқушылардың ерекше назарын тумбочкалардағы сарбаздардың туыстары мен жақындарының суреттері қойылған фоторамкалар аударды. Рамазанның айтуынша, әрбір сарбаз үшін таңертең оянғанда ең жақын адамдарының бейнесін көру – үлкен қолдау.
Сондай-ақ оқушыларға әскери техникалар паркі көрсетілді. Онда олар техника үлгілерін көріп қана қоймай, әскери техниканың ішінде отырып, сарбаздардың қызметін өздері де сезініп көрді.
Сонымен қатар оқушылар мен сарбаздар арасында турникке тартылу бойынша шағын спорттық сайыс өтті. Оқушылар арасында ең үздік нәтижені Рахат Бірлікхан көрсетіп, 20 рет тартылды. Ал сарбаздар арасында қатардағы жауынгер Бейбарыс Сарсенбай 30 рет тартылып, үздік атанды.
Белтемірден бөлек, саптық алаңда оқушылар Калашников автоматын бөлшектеу және жинақтау бойынша өз дағдыларын сынап көрді. Калашников автоматын бөлшектеу және жинақтау бойынша Мадияр Серікбай 52 секундта орындап, ең жақсы нәтиже көрсетті.
Экскурсия соңында қонақтар сарбаздар асханасында түскі ас ішті. Бұған дейін оларға тағамдардың қандай өнімдерден дайындалатыны және әскери қызметшілердің ас мәзірі қалай жасақталатыны көрсетілді.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі




