Жылжымайтын мүлік нарығы – қаржылық тұрғыдан ең ірі әрі жауапты мәмілелер жасалатын сала. Пәтер, үй немесе жер телімін сатып алу-сату кезінде жіберілген қателік азаматқа үлкен материалдық шығын әкелуі мүмкін. Сондықтан мұндай мәмілелерді тек нотариалды куәландырудың маңызы зор және бұл алаяқтық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетеді.
Нотариус – мәміленің заңдылығын қамтамасыз ететін тәуелсіз тұлға. Ол тараптардың жеке басын анықтап, құқық қабілеттілігін тексереді, құжаттардың дұрыстығына көз жеткізеді және мәміленің заң талаптарына сәйкестігін қарайды. Яғни нотариус тек құжатты растап қана қоймай, азаматтарды құқықтық тұрғыдан қорғайды. Осы себепті жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерді нотариалды куәландыру – қауіпсіздіктің негізгі кепілі.
Алаяқтықтың ең жиі кездесетін түрлерінің бірі – жалған құжаттар арқылы мүлікті сату. Кейбір жағдайларда алаяқтар жалған сенімхат немесе қолдан жасалған құжаттар арқылы өзгенің мүлкін заңсыз өткізуге тырысады. Нотариус мұндай тәуекелдерді азайту үшін құжаттардың түпнұсқалығын тексеріп, мемлекеттік дерекқорлар арқылы мәліметтерді нақтылайды. Егер мәміле нотариус арқылы рәсімделсе, жалған құжатпен операция жасау мүмкіндігі күрт төмендейді.
Тағы бір қауіп – мүліктің бірнеше рет сатылуы. Кейбір алаяқтар бір объектіні бірнеше адамға бір уақытта сатуға әрекет етеді. Нотариалды рәсімдеу барысында жылжымайтын мүлікке қатысты құқықтар мемлекеттік тіркеу жүйесі арқылы тексеріледі. Бұл мүліктің басқа тұлғаға сатылған-сатылмағанын анықтауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, мәміле кезінде тараптардың бірі психологиялық қысым көрсетуі немесе жалған ақпарат беруі мүмкін. Мысалы, сатып алушыға асығыс шешім қабылдату үшін «басқа сатып алушы бар» деген сияқты қысым жасалады. Нотариус мәміле барысында тараптарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп, асығыс әрі ойланбай жасалған шешімдердің алдын алуға көмектеседі.
Азаматтар өз тарапынан да сақтық шараларын ұстануы тиіс. Біріншіден, мәміле алдында мүлікке қатысты барлық құжаттарды мұқият тексеру қажет: меншік құқығы, ауыртпалықтардың (қарыз, кепіл, тыйым) бар-жоғы. Екіншіден, тек сенімді ақпарат көздеріне сүйену керек және бейтаныс делдалдарға сенбеу ұсынылады. Үшіншіден, алдын ала төлем жасау кезінде ерекше сақ болған жөн, өйткені бұл кезеңде алаяқтық жиі орын алады.
Сонымен қатар, сенімхат арқылы жасалатын мәмілелерге ерекше назар аудару қажет. Егер мүлік иесінің орнына басқа адам әрекет етсе, сенімхаттың шынайылығын тексеру маңызды. Нотариус бұл құжаттың заңды түрде рәсімделгенін және оның күші жойылмағанын анықтайды.
Жылжымайтын мүлік мәмілелерін нотариалды куәландыру – азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетігі. Бұл рәсім алаяқтық тәуекелдерін азайтып қана қоймай, мәміленің заңды және қауіпсіз өтуін қамтамасыз етеді. Әрбір азамат ірі қаржылық шешім қабылдар алдында заң талаптарын сақтап, кәсіби мамандардың көмегіне жүгінуі тиіс. Осындай жауапкершілік пен сақтық арқылы ғана біз өз мүлкімізді сенімді қорғай аламыз.
Самал Бахтыяр
Шымкент қаласы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру жұмысы және
заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы




