Шымкент теміржол вокзалының перронында мерзімді әскери қызметін аяқтап, елге оралған әскери қызметшілерді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Іс-шараны қала қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 35748 әскери бөлімінің әскери оркестрі ұйымдастырды.
Осыдан бір жыл бұрын осы вокзалдан мегаполистен 27 жас сарбаз Ақтау қаласынағы теңіз жаяу әскерлері бригадасында қызмет етуге аттанған болатын.
Түн ортасында перрон тыныштығын Ақтау–Алматы бағытымен жүретін жолаушылар пойызының бірінші жолға келіп тоқтайтыны туралы хабарлама бұзды. Әскери оркестрдің әуенімен пойыз баяу платформасына келіп тоқтады. Машинист жиналған қауымды қарсы алғандай, дыбыстық белгі беріп, салтанатты сәттің ажарын аша түсті.
Салтанатты шара барысында қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері, 35748 әскери бөлімінің басшылығы және Қарулы күштердің ардагерлері сөз сөйледі. Олар ата-аналарға ұлдарын ел қорғайтын азамат етіп тәрбиелегені үшін алғыс білдіріп, әскери қызметшілерге Отан алдындағы борышын адал орындағаны үшін ризашылығын жеткізді.
– Жерлес жауынгерлерімізді құрметпен шығарып салып, салтанатпен қарсы алу – жақсы дәстүр. Бүгін Отан алдындағы борышын өтеп, елге жиырмадан астам әскери қызметші оралды. Теңіз жаяу әскеріндегі қызмет оларды шыңдап, жігерлі әрі сенімді етті, – деді Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, полковник Абдигабит Шегебаев.
Жас сарбаздардың артында мазмұнды әскери жыл қалды: оқу-жаттығулар, қарқынды дайындықтар, марш-жүгірулер және дабылмен көтерілу. Бұл кезең олардың азамат болып қалыптасуына, ерік-жігерін шыңдауға үлкен мектеп болды.
– Әскерде жүріп отбасының, шынайы достардың қадірін терең түсінеді екенсің. Мен теңіз жаяу әскерінде қызмет өткергенімді мақтан тұтамын, – деді гвардия қатардағы жауынгері Жансерік Қасымханұлы.
Әскери қызметшілердің жақындары да қуанышын жасырмады.
– Інімізді әскерге шығарып салғанда қатты уайымдадық. Бүгін оның есейіп, жауапкершілігі артқанын көріп отырмыз. Үнемі байланыста болдық, енді міне, елге аман-есен оралды, – деді оның әпкелері Арайлым мен Назерке.
Бір жыл ішінде шымкенттік сарбаздар әскери істі меңгеріп, қару-жарақ пен техниканы игерді, жауынгерлік даярлық іс-шараларына қатысты. Олар әскери-есептік мамандықтарға ие болып қана қоймай, азаматтық өмірде қажет болатын дағдыларды да қалыптастырды.
Салтанатты қарсы алу шарасы сарбаздар үшін жағымды тосынсый болды. Гүлдер, шарлар мен туған-туыстарының ыстық құшағы олардың елге оралу сәтін ерекше әсерлі етті.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі




