Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруда. Соның айқын мысалы — электронды апостиль қызметі. Бұл қызмет құжаттарды шетелде заңды күшке ие ету рәсімін айтарлықтай жеңілдетеді.
Апостиль — құжаттың түпнұсқалығын және оған қойылған қолтаңба мен мөрдің заңдылығын растайтын арнайы белгі. Апостиль қойылған құжаттар Гаага конференциясы қабылдаған 1961 жылғы Гаага конвенциясына қатысушы елдерде қосымша заңдастырусыз жарамды болады.
Электронды апостиль — дәстүрлі қағаз апостильдің цифрлық нұсқасы. Ол электронды форматтағы құжаттарға қойылады және QR-код немесе тіркеу нөмірі арқылы тексеріледі.
Негізгі артықшылықтары: онлайн рәсімдеу – өтінішті қашықтан беру мүмкіндігі, уақыт үнемдеу – құжатты алып жүру қажет емес, қауіпсіздік – қолдан жасау мүмкіндігі төмен, тексерудің жеңілдігі – кез келген уақытта растауға болады.
Қазақстанда электронды апостиль қызметі электрондық үкімет порталы арқылы көрсетіледі. Азамат өтініш беріп, мемлекеттік бажды онлайн төлейді. Қызмет нәтижесінде апостиль қойылған электронды құжат жеке кабинетке жолданады.
Электронды апостиль азаматтардың шетелде оқуына, жұмыс істеуіне немесе көшуіне қажетті құжаттарды рәсімдеуді жеңілдетеді. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар арасындағы құжат айналымын цифрландырып, бюрократиялық рәсімдерді азайтады.
Қорытындылай келе, электронды апостиль — мемлекеттік қызметтердің заманауи, ыңғайлы және сенімді форматы. Ол уақытты үнемдеп қана қоймай, құжаттардың халықаралық деңгейде танылуын қамтамасыз етеді.
Меденова Камшат Кумисбековна
Шымкент қаласы Әділет департаментінің
коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу
және тіркеу қызметі саласындағы бақылау
бөлімінің бас маманы




