Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен зиян келтіретін қауіпті құбылыс. Ол мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімді төмендетіп, заң үстемдігіне нұқсан келтіреді, әділ бәсекеге тосқауыл қояды. Сондықтан жемқорлықпен күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі болып табылады.
Жемқорлықтың негізгі себептерінің бірі – қызметтік өкілеттіктерді жеке пайда үшін пайдалану. Пара алу, пара беру, қызмет бабын асыра пайдалану сияқты әрекеттер қоғамда әділетсіздік тудырып, азаматтардың құқықтарының бұзылуына әкеледі. Мұндай жағдайлар экономиканың дамуын баяулатып қана қоймай, мемлекет беделіне де кері әсер етеді.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Осы мақсатта заңнамалық база жетілдіріліп, алдын алу шаралары күшейтілуде. Мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы, ашықтық пен есептіліктің артуы жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған нақты қадамдар болып саналады. Сонымен қатар, құқық бұзушыларға қатысты жауапкершілік те қатаңдатылған.
Дегенмен, тек жазалау шараларымен шектелу жеткіліксіз. Ең тиімді жол – жемқорлықтың алдын алу және қоғамда оған мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру. Әрбір азамат заң талаптарын сақтап, күмәнді әрекеттерге жол бермеуі тиіс. Мемлекеттік қызметкерлер үшін адалдық, ашықтық және кәсіби этика басты қағида болуы қажет.
Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлықпен күрес – ұзақ мерзімді және жүйелі жұмысты талап ететін маңызды міндет. Қоғамның әр мүшесі әділдік пен заң үстемдігін қолдағанда ғана бұл індеттің тамырына балта шабуға болады. Адал еңбек пен жауапкершілік қағидалары үстемдік құрған қоғамда ғана тұрақты даму мен халықтың әл-ауқаты қамтамасыз етіледі.
Ермаханқызы Перизат
Шымкент қаласының Әділет департаментінің коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және тіркеу қызметі саласындағы бақылау бөлімінің бас маманы




