2025 жылдың 25 қыркүйегінде Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жариялады. Бұл – еліміздің даму траекториясын айқындайтын, болашаққа нық қадам жасауға бағытталған тарихи сәт болды. Жолдауда Президент отандық ғылым мен жоғары білім, цифрлық даму, жасанды интеллектті енгізу, кадр мәселесі мен миграциялық саясат секілді өзекті мәселелерге нақты тоқталды. Елдің интеллектуалдық капиталы мен адами ресурстары – алдағы дамуымыздың негізі екені тағы да айқын көрсетілді.
Ғылым – экономиканың жаңа драйвері Президент Тоқаев атап өткендей, Қазақстан білім экономикасына көшіп жатыр. Бұл – шикізатқа тәуелділіктен арылып, интеллектуалды, инновациялық даму бағытын ұстануға бастайтын жол. Осы орайда Мемлекет басшысы ғылым, білім және инновация салаларын бір-бірінен бөліп қарауға болмайтынын, бұл үш саланың үйлесімді дамуы стратегиялық маңызға ие екенін ерекше айтты. Мемлекет ғылыми кадрларды даярлауға ғана емес, ғылым мен білімді басқару тәсілдерін өзара байланыстыруға, жүйелі үйлестіруге баса назар аударатын болады. Университеттерге дербестік және жасанды интеллектті кеңінен енгізу Президент Жолдауда жасанды интеллектті енгізу – ел дамуының басты бағыттарының бірі екенін тағы да нақтылады. Бұл технология бүгінде әлемдік экономиканы, еңбек нарығын, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін түбегейлі өзгертіп жатыр. «Жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік беруге болады», – деді Мемлекет басшысы.
Бұл – жоғары оқу орындары үшін үлкен мүмкіндік әрі жауапкершілік. Университеттер енді жаңа буын мамандарын даярлауда еркіндікке ие болып, сонымен бірге технологиялық трансформацияның алдыңғы шебінде тұруға тиіс. Бұл бағытта университеттердің материалдық-техникалық базасы мен профессорлық-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру – басты міндеттердің бірі. Зерттеушілерге қолдау – ұлттық интеллектке салынған инвестиция Жолдауда зияткерлік әлеуетті сақтап қалу және дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Президент Үкіметке дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, шетелде жүрген білікті мамандарды елге қайтарудың тиімді тетіктерін әзірлеп, іске асыру қажеттігі айтылды. Бұл мәселе кадр тапшылығы ушығып тұрған қазіргі жағдайда тек білім беру саласы үшін ғана емес, жалпы экономиканың барлық секторы үшін өзекті. «Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн», – деп атап өтті Президент.
Бұл – елімізге сырттан тек жұмыс күші емес, зияткерлік капитал тарту саясатына көшу қажет дегенді білдіреді. Ұлттық жауапкершілік пен бірлік – басты қозғаушы күш Президент Жолдауында тек цифрлық даму ғана емес, ұлттың рухани тұтастығы мен азаматтық жауапкершілігі де кеңінен қозғалды. Цифрландыру мен жасанды интеллект – құрал ғана, ал оны адамзат игілігіне жарату – ұлттың білімі мен мәдениетіне, бірлігі мен ынтымағына байланысты. Қорытынды: Жолдау – жаңа мүмкіндіктер бастауы Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы – Қазақстанды болашақтың сын-қатерлеріне дайындауға арналған стратегиялық бағдарлама. Онда айтылған ғылыми, білім беру және цифрлық өзгерістерге қатысты міндеттер – барша азаматтар мен мекемелер үшін нақты іс-қимыл жоспарына айналуы керек.
Дархан Ахмед-Заки, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры




