Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай «Ата Заң – Тәуелсіздік тірегі» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік басқосуды Шымкент қаласы Әділет департаменті ұйымдастырды.
Салтанатты жиынға қала әкімінің аппараты, мәслихат депутаттары, заң саласының беделді өкілдері – Адвокаттар алқасы, Нотариустер және Жеке сот орындаушылар палатасының басшылары, сондай-ақ тәжірибелі нотариустар, адвокаттар, заң кеңесшілері, жеке сот орындаушылары мен сот-сараптама саласының қызметкерлері қатысты.
Жиынды Шымкент қаласы Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова ашып, Конституцияның мемлекетіміздің дамуындағы тарихи маңызы мен құқықтық жүйені нығайтудағы әділет органдарының үлесі туралы кеңінен баяндады. Ол еліміздегі тұрақтылық пен құқықтық тәртіптің негізі – Конституция екенін, ал заң саласының мамандары осы құндылықтарды күнделікті қызметінде басшылыққа алып, ел игілігі жолында қажырлы еңбек етіп келе жатқанын атап өтті.
Ғылыми талдау мен танымдық бағдарламалар қатар өрбіді
Шара барысында Оңтүстік Қазақстан университетінің профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Асқат Есенәлиев Конституция тарихы мен оның құқықтық жүйедегі орны туралы мазмұнды баяндама жасады. Ол Ата Заңның құқықтық мемлекет құрудағы рөлін терең талдап, тыңдаушылардың назарына тарихи және заманауи аспектілерді ұсынды.
Сондай-ақ, іс-шара аясында қатысушылар арасында «Тәуелсіздік пен Конституция» тақырыбына арналған танымдық викторина ұйымдастырылып, жеңімпаздар естелік сыйлықтармен марапатталды. Бұдан бөлек, әділет органдарының жұмысын насихаттайтын бейнеролик көрсетіліп, көпшілікке әділет саласының тыныс-тіршілігі, қызмет бағыттары және жетістіктері кеңінен таныстырылды.
Құқық қорғау қызметкерлеріне құрмет көрсетілді
Іс-шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – заң саласының ардагерлері мен үздік мамандарын марапаттау рәсімі болды. Әділет саласында жемісті еңбек етіп, заң үстемдігін нығайту жолында абыройлы қызмет етіп жүрген бірқатар кәсіби мамандар – ноториустар, адвокаттар, заң кеңесшілері және жеке сот орындаушылар – Шымкент қаласы әкімінің, қалалық мәслихат хатшысының, ҚР Әділет министрлігі мен Әділет департаментінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Құқықтық мәдениетті насихаттау жалғасады
«Ата Заң – Тәуелсіздік тірегі» атты бұл іс-шара – Ата Заңымыздың тарихи маңызын ұлықтап қана қоймай, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру мен заңға деген құрметін қалыптастыру бағытында маңызды қадам болды. Сонымен қатар, бұл жиын заңгерлер қауымының ел алдындағы жауапты қызметін қоғамға кеңінен танытуға мүмкіндік берді.
Мерекелік шара Қазақстанның құқықтық мемлекеттілігін нығайту жолындағы игі істердің жалғасы ретінде бағаланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай мазмұнды басқосулар алдағы уақытта да жалғасын табады.