ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің (бұдан әрі – ЕӘҚКҚК) төрағасы Ербол Нұрғалиев Шымкент қаласында көшпелі кеңес өткізіп, оның барысында аумақтық медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерін (бұдан әрі – МӘС) тексеру қорытындыларын жариялады, сондай-ақ олардың жұмысын жақсарту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Іс-шараға ҚР Еңбекмині Әдеп жөніндегі уәкілі, ЕӘҚКҚК аумақтық департаменттерінің басшылары, МӘС мәселелері жөніндегі олардың орынбасарлары, оңтүстік өңірлердің (Алматы мен Шымкент қалалары, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары) МӘС әдіснама және бақылау бөлімдерінің (бұдан әрі – ӘББ) басшылары қатысты.
Кеңесте сөз сөйлеген Ербол Нұрғалиев 2020 жылы ЕӘҚКҚК Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында МӘС қызметіне көшпелі тексерулер жүргізгенін хабарлады.
4103 МӘС актісі ішінара тексерілді, оның ішінде әртүрлі ескертпелері бар 943 (22,9%) акт анықталды. Атап айтқанда, функционалдық бұзушылықтардың топқа және мүгедектік мерзімдеріне сәйкессіздігі, уақытша еңбекке жарамсыздық күндерінің саны көрсетілмеген, сараптамалық қорытындының негіздемесі жоқ, функционалдық бұзушылықтардың айқындылық дәрежесінің сәйкессіздігі, тіршілік-тынысының шектелу дәрежесінің сәйкессіздігі бар, оңалтудың жеке бағдарламалары негізсіз әзірленген.
Сондай-ақ, ЕӘҚКҚК МӘС басқармасы барлық 17 өңір бойынша МӘС-тің 8 500 актісін МӘС бөлімдері шығарған сараптамалық шешімдердің негізділігі, сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету тұрғысынан ішінара тексерді. Тексеру қорытындысы бойынша 935 (11%) ескерту анықталды.
Медициналық-әлеуметтік сараптама қызметінің жұмысын ұйымдастырудағы бақылаудың әлсірегені үшін 2020 жылғы тексеру қорытындысы бойынша мынадай тәртіптік жазалар шығарылды:
— Түркістан облысында: МӘС мәселелері жөніндегі департамент басшысының орынбасарына қатысты қатаң сөгіс түрінде, МӘС бөлімдерінің 2 басшысы жұмыстан босатылды (өз өтініші бойынша);
— Алматы облысында: МӘС мәселелері жөніндегі департамент басшысының орынбасарына, МӘС ӘББ бөлімінің басшысына қатысты;
— Жамбыл облысында: МӘС мәселелері жөніндегі департамент басшысы орынбасарының м. а., МӘС ӘББ бөлім басшысының м. а. қатысты;
— Шымкент қаласында МӘС ӘББ бөлім басшысына қатысты тәртіптік жазалау шаралары қабылданды.
«Аумақтық департаменттер басшыларының МӘС мәселелері жөніндегі орынбасарларына МӘС ӘББ-мен бірлесіп, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерінің қызметінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша тұрақты жұмыс жүргізуді тапсырамын. МӘС бөлімдерінің сараптамалық шешімдерінің негізділігіне бақылауды күшейту, «Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер банкі» ақпараттық жүйесінің деректерін сәйкестікке келтіру, МӘС бөлімдерінің жас мамандарымен әдістемелік жұмыс жүргізу, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін қатаң сақтау қажет», – деді ЕӘҚКҚК төрағасы.
Сондай-ақ, Е.Нұрғалиев емдеу мекемелерінің ДКК төрағаларымен төтенше жағдай және карантин режимі кезінде мүгедектікті автоматты түрде ұзартуды ескере отырып, куәландырудан өтпеген адамдарды медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу тәртібі мен кезектілігін пысықтауды тапсырды. Бұл ретте ол МӘС бөлімдерінде карантиндік шараларды қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.
Іс-шара соңында Ербол Нұрғалиев ЕӘҚКҚК медициналық-әлеуметтік сараптама қызметінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмысты күшейтетінін мәлімдеді.