ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарованың Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Сот сараптамалары институтында кездесу өтті. Жиын барысында депутаттар аталған мекеменің жұмыс барысымен танысып, сот сараптамасы саласындағы өзекті түйткілдерді көзбен көріп, сарапшы мамандармен пікір алмасты.
Сапар барысында сенаторлар институттың материалдық-техникалық базасын көріп, ғимараттың тозығы жеткенін, қажетті құрал-жабдықтардың заманауи талаптарға сай келмейтінін, кадр тапшылығы да саланың дамуында кері әсер етіп отырған басты мәселелердің бірі екенін көрді.
Сот сараптамалары институты директорының орынбасары Динара Даулеткелдіқызы бұл түйткілдерді растай келе: — Бүгінгі таңда ғимаратымыз жаңғыртуды қажет етеді. Заманауи сараптама жүргізуге қажетті техникалық құрал-жабдықтар жетіспейді. Сонымен қатар, кәсіби мамандардың тапшылығы да қиындық туғызып отыр. Біз бұл мәселелерді тиісті орындарға бірнеше рет көтердік. Бүгінгі кездесу арқылы нақты нәтижелерге қол жеткіземіз деген сенімдеміз, — деді.
Кездесу соңында сөз алған сенатор Нұрлан Бекназаров сот сараптамасының әділдік пен заңдылықты қамтамасыз етудегі маңызын айрықша атап өтті.
— Құқықтық мемлекет құру үшін сот сараптамасының дәлдігі мен шапшаңдығы аса маңызды. Азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғауда сот сараптамасы маңызды рөл атқарады. Осы салаға көңіл бөлмей, әділетті қоғам құрамыз деу қиын. Мұнда айтылған мәселелер біз үшін өте өзекті. Бұл түйткілдердің шешімін табу үшін Үкімет деңгейінде нақты ұсыныстар енгізіп, сіздердің мәселелеріңізді құзырлы органдарға жеткізіп, шешу жолдарын қарастырамыз, — деді Нұрлан Құдиярұлы.
Бұл кездесу елдегі сот сараптамасы саласын жетілдіруге бағытталды. Сарапшылар мен заң шығарушылар арасындағы тікелей диалогтың нәтижесінде саладағы қордаланған мәселелерге нақты шешімдер табыларына сенім мол.
Мамандар барын салып ғылыми тұрғыда жұмыс істеуде. Алайда техникалық тапшылық – қылмыстың бетін ашуға кедергі. Жоғарғы палата Сенаттан келген депутаттар мәселемен таныс екенін жеткізді. Қала әкімімен жолыққан олар жергілікті биліктің орталыққа жаңа ғимарат салу жоспары барын айтып қуантты.
Шымкенттегі сот сараптамалық орталығы – оңтүстік өңір үшін маңызды мекеме. Өйткені, қылмысты ашудағы басты тетік – бұлтартпас дәлел екені анық. Ал, оны анықтап, дәлелдейтін орталықтың күйі жақсармай, бұл саладағы түйткілді мәселелердің түйіні шешілуі қиын.
Сот сараптамасы-бұл оны шешу үшін маңызы бар нақты деректерді анықтау мақсатында арнайы ғылыми білім негізінде жүргізілетін қылмыстық, азаматтық іс материалдарын не әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі зерттеу;
Сот-сараптама қызметінің міндеті қылмыстық, азаматтық істер бойынша, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот сараптамасының нәтижелерімен іс жүргізуді қамтамасыз ету болып табылады.




