Суретшілердің әлемі – ерекше. Олар айналадағы әсемдікті басқаша сезінеді, ал қылқалам арқылы сұлулықты шынайы бейнелей алады. Суретшінің әрбір туындысы – өзіндік ойы мен сезімінің көрінісі. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Дизайнер» мамандығының бірінші курс студенті Жібек Мұстафа осындай дарынды жандардың бірі. Оның сурет өнеріне деген махаббаты мен болашаққа деген үлкен мақсаттары бізді ерекше қызықтырды. Осыған орай, Жібекпен арнайы сұхбат жүргізіп, оның шығармашылық жолы туралы әңгімелестік.
Суретшілік – балалық арман
Сұхбатымызды Жібектің өнерге деген алғашқы қадамы туралы сұрақтан бастадық. Оның айтуынша, сурет салу бала кезінен сүйікті ісі болған:
“Сурет салу мен үшін жай хобби емес, жүрегіме жақын іс. Бала кезімнен табиғаттың, таулар мен ормандардың бейнесін қағазға түсіргенде ерекше шабыт алатынмын. Атақты суретші болу – бала күнгі арманым еді. Сол арманымның жетегімен осы «Дизайнер» мамандығын таңдадым. Қазір сабағымызда дизайн жасаумен қатар сурет салуға да көп көңіл бөлеміз,” – деді ол.
Жібек бала күнгі арманын жүзеге асыру үшін табанды түрде әрекет етіп жүргенін айқын көрсетті. Оның сөзі көп жастың жүрегіне шабыт ұялатып, армандарға жетудің жолын көрсеткендей.
Туындылардың уақыты мен шабыттың рөлі
Кез келген сурет – өнер адамының өміріндегі ерекше бір сәттің бейнесі. Жібектің айтуынша, сурет салу процесі шабытқа тікелей байланысты:
“Әр суреттің аяқталу уақыты әртүрлі. Кейбір туындылар бірнеше сағатта аяқталса, басқалары күндер бойы уақытты талап етеді. Мысалы, Мұқағали Мақатаевтың портретін салу үшін үш күн уақытымды жұмсадым. Бұл менің ең ұзақ салған суретім еді. Әдетте суретімді аяқтамай тыныш ұйықтай алмаймын. Бұл – шығармашылық адамдарға тән қасиет деп ойлаймын,” – деп бөлісті Жібек.
Оның өнерге деген шексіз махаббаты мен жауапкершілігі әрбір туындысынан көрініс табады. Әр сурет – оның ішкі әлемінің бейнесі.
Суретшінің ерекшелігі қандай?
Жібек суретші болудың табиғаттың ерекше сыйы екенін айтады. Оның пікірінше, бұл мамандықты кез келген адам игере алмайды:
“Суретші кез келген сұлулықты сезініп, оны қылқалам арқылы бейнелей алады. Көпшілік байқамайтын нәрсені көру, оны сезіну және қағаз бетіне түсіру – суретшінің басты ерекшелігі. Осы тұста әйгілі суретші Пабло Пикассоның: «Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді» деген сөзімен толық келісемін,” – деді Жібек.
Бұл пікірінен оның суретшілікке деген ерекше көзқарасы байқалады. Жібек үшін сурет – тек әдемілікті бейнелеу ғана емес, ол – ой мен сезімнің көрінісі.
Сүйікті суретші – шабыт көзі
Көптеген өнер адамдары белгілі бір тұлғалардан шабыт алады. Жібектің сүйікті суретшісі – әлемге танымал қазақстандық қылқалам шебері Лейла Махат:
“Лейла Махат – еліміздің мақтанышы. Ол Чехиядағы бейнелеу өнер академиясының құрметті мүшесі, оның туындылары әлемдегі танымал мұражайларда сақталған. Лейла апай сияқты танымал суретші болуды армандаймын,” – деп өз мақсатын бөлісті ол.
Жібектің сөзі оның өнерге деген шынайы құштарлығын көрсетеді. Шабыт беретін тұлғаны анықтау – әрбір өнер адамы үшін маңызды қадам.
Жас суретшілерге кеңес
Сұхбаттың соңында Жібек болашақ суретшілерге кішігірім кеңес берді:
“Суретші болу үшін ең алдымен суретке деген шынайы қызығушылық керек. Бұл салада жетістікке жету үшін бойыңда дарын ғана емес, табандылық пен ұмтылыс болуы шарт. Егер осы жолда жүретініңе сенімді болсаң, өзіңе мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысу керек. Темірді қызған кезінде соқ дегендей, шын өнер жолына уақытында қадам басу маңызды,” – деп жас өнерпаздарға бағыт-бағдар берді.Бұл кеңес болашақ суретшілерге үлкен мотивация болары сөзсіз.
Жібек Мұстафа – өнерге шынайы ғашық жас талант. Оның суретшілік жолындағы қадамдары мен болашаққа деген сенімі көп адамға үлгі. Арманы мен мақсаты айқын, өзіндік стилі мен шабыт көзі бар Жібектің болашағы жарқын болары анық. Біз оның Қазақстанның ғана емес, әлемнің танымал суретшісіне айналатынына сенеміз. Оның қылқаламы ешқашан шабыттан айырылмасын, ал туындылары көпшіліктің жүрегін жаулап алсын!
Сұқбаттасқан Маден Арайлым
студент