Студенттік өмір — ол тек кітап оқып, емтихан тапсыру ғана емес. Ол күрес, таңдау, жаңа мүмкіндік пен шектеудің арасындағы тепе-теңдік. Мектеп қабырғасынан шыққан соң менің алдымнан жаңа әлем ашылды. Ауылдан келген қыз үшін университет жаңа өмірдің, жаңа әлемнің есігі болды. Бірақ сол есікті ашқан сәтте, өзіңді бөтен әлемде жүргендей сезінесің. Әрбір қадамың мен таңдауың жаңа бір сынақ. Ауылдың тыныс-тіршілігінен, көпшілікке үйрену оңай болмады. Қалада бәрі жылдам әрі өзгеше. Әңгімемді бастайын…
2021 жылы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне “Журналистика” мамандығына оқуға түстім. Осылай қызық пен шыжыққа толы өмір басталды.
Кездейсоқ сәттің ғажабы…
2021 жыл, көктемнің бір күні. Бірінші курс. Түркістан телеарнасы кастинг өткізіп жатқанын естідім. Бар ойым тек камера мен студины көру. Аяқ асты жатақханада жатқан сәтімнен бағымды сынап көрейін деп жолға шықтым. Келсем әрбір қатысушы үлкен дайындықпен келген. Кезек маған келіп, ішке кірдім. Содан студияға кіре сала сайрай жөнелдім. Шыққан соң басшылықтағы бір кісі: “Әй, сен қызды камера жақсы көреді екен. Сенде камераны сүйесің. Молодец” деп жымиып кетті. Айтқан сөзінің мәнін түсінбесем де “Рахмет” деп бас изедім. Содан үлкен медиа орталықты көргеніме мәз болып, жатақханаға жол тарттым. Ертеңгі күні “What’s”app қа: — Аяужан, сіз кастингтен өттіңіз. Біз сізді күтеміз!” деген хабарлама келді. Бұл мен үшін арманның шындыққа айналған сәті еді. Алғашында қобалжыдым. Өзімді дайын емес, тәжірибесіз сезіндім. Журналистика әлемінде ештеңе білмей, тек қиялмен жүретін бір студенттен кәсіби маман болу жолы өте ауыр болатын. Бірақ Түркістан телеарнасы маған өзімді шыңдай түсетін мүмкіндік берді. Әрбір эфир, әрбір жазылған мәтін мені одан сайын жетілдіріп, менің болашаққа деген сенімімді арттырды. Сенесіз бе? Жұмысқа алғаш түскен күні мені “Тікелей эфир” жүргізуге шығарды. Сол күнгі бойымдағы сезім мен эмоцияны айта алмаймын. Жұмыс пен сабақ қиындығы бөлек әңгіме. Таңнан түске дейін сабақта болып, түстен кешке дейін жұмыс істедім. Талай ұйқысыз түндерді өткердім. Мәтін жазып білмегенім үшін, таңғы сағат төрт, беске дейін жатақханада компьютер алдында отырдым. Осы сәтте қиналып, талай көрпенің астында жылағаным әлі есімде. Қосымша тапсырмаларды жасау, жаңалықтар жазу, түсірілімдерге қатысу бәрін бір күннің ішінде орындалуы тиіс міндеттерге айналды. Әрбір күні мен өзіме сұрақ қоятынмын: «Бұл жол дұрыс па? Бұл тек менің бағытым ба?»
Жауап табу оңай болмады. Бірақ бір нәрсе анық болды — мен тек білім алғым келмей, кәсіби маман болуды қалаған едім. Әрбір қиындық мені тек алға жетелеп отырды. Сабақтарым мен жұмысымды бір жүйеге түсірдім. (Бұл өте-өте қиын болды). Қателіктерім мен сәтсіздіктерім де маңызды сабақ болды. Әрбір кеш, әрбір тынығу сәті — менің болашақтағы жеңісімнің бастапқы кезеңдері еді.
Ізденіс пен үміт жолы
Журналистикаға қадам басқалы үш жарым жыл өтсе де, мен өзімді әлі де «бастапқы жолдағы» студент ретінде сезінемін. Бұл жылдар тек тәжірибе жинаумен ғана емес, ең бастысы, өзімнің кім екенімді түсіну, ішкі әлемімді жаңарту кезеңі болды. Үш жарым жыл. Бір қарағанда, көп уақыт сияқты көрінуі мүмкін, бірақ осы уақыттың ішінде мен әрдайым өзгеріп отырдым.
Себебі журналистика — тек арман, шабыт емес, ең алдымен өзіңнің ішкі дүниеңмен күресу, қорқыныштарыңды жеңу, өзгелердің жүрегіне жететін сөздер табу. Мен бұл жолды бастағанда, бәрі мен үшін бір үлкен беймәлім әлем сияқты еді. Сабақ, теория, практикалық дағдылар – бәрі жаңа, бәрі жат еді. Бірақ сол кездің өзінде менде бір сенім болды: мен осы жолда өз орнымды табамын, өз болашағымды жасаймын. Тек қалай? Нені меңгеруім керек? Бұл сұрақтар мені үздіксіз ізденіс пен күреске мәжбүр етті. Бәлкім, менің арманым мен мақсатымның айқындығы осы ізденістен туындаған болар.
Әр эфир, әр жазған мақала мені шыңдап, өзімді тануға көмектесті. Әрбір сәтсіздік, әрбір қателік мені одан сайын жандандырып, табандылықпен алға жетеледі. Сол күндерде, әрине, шаршап, қиындықтардан көңілім түсіп кеткен кездерім де болды. Кейде, тіпті, бәрін тастап кеткім келді. Бірақ менің ішімде жалындаған бір сенім мені қайта-қайта тұншығып қалудан шығарды: “Бұл менің жолым, менің армандарым. Бұл тек өткінші қиындықтар ғана, ал мақсатым мен үшін мәңгілік.” Сондықтан мен болашаққа сеніммен қараймын. Алда мені тағы да талай сынақтар, жаңалықтар мен мүмкіндіктер күтіп тұр. Мен оларды қабылдауға дайынмын.
Журналистика — бұл жол, бұл үнемі ізденіс, және мен осы жолды жалғастыра беремін. Бұл менің шынайы арманым.
Аяужан Аманова