Киелі шаһар Түркістанда орналасқан Қожа Ахмет Ясауи университетінің медицина факультеті болашақ дәрігерлерді тәрбиелеу мектебіне айналған. Оған дәлел университет қабырғасында білім алып жатқан 5-курс студенті Самат. Ол осы оқу орнының мақтаныштарының бірі. Үздік оқу үлгерімімен қатар, болашақ дәрігер ретінде өзін жан-жақты дамытуға үлкен мән берген.
Самат бала кезінен дәрігер болуды армандап, бұл мақсатты өмірлік ұстанымына айналдырды. Оның күнделікті кестесі нақты жоспарланған: таңертең теориялық білім алып, түстен кейін университеттің жеке клиникасында тәжірибелік машықтарын жетілдіреді. Бұл клиника – студенттердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған бірегей орталық. Самат мұнда тәжірибелі дәрігерлердің жетекшілігімен хирургиялық операцияларға қатысып, денсаулық сақтау саласының заманауи талаптарына сай білім алуда. «Кітаптан оқыған білімді тәжірибемен ұштастыру – болашақ дәрігер үшін аса маңызды,» – дейді Самат. Оның айтуынша, бұл тәсіл әр күн сайын өзін жетілдірудің жаңа мүмкіндіктерін ұсынады.
Сонымен қатар, Самат университеттің медицина студенттері клубының капитаны болып табылады. Бұл ұйым жас дәрігерлерге өзара тәжірибе алмасуға, кәсіби және тұлғалық тұрғыдан дамуға мүмкіндік береді. Самат клуб аясында төменгі курс студенттеріне арналған лекциялар оқып, ота жасау техникасымен бөліседі. «Клубтағы жұмыс көшбасшылықты, адамдармен қарым-қатынасты және командалық жұмысты ұйымдастыру дағдыларын дамытудың тамаша мектебі болды,» – деп бөліседі ол.
Университеттің жеке клиникасы тәжірибелік білім беру орталығы. Студенттерді тәжірибелік тұрғыда дайындау үшін заманауи құралдармен жабдықталған кешен. Мұнда оқу барысында алынған теориялық білім нақты медициналық тәжірибемен ұштастырылады. Студенттерді кәсіби ортада даярлауға ерекше үлес қосып жүрген, клиникада адам жанына араша түсетін оқытушылардың бірі – белгілі хирург, медицина ғылымдарының кандидаты Нұрпейіс Құдайбергенұлы. Нұрпейіс Құдайбергенұлының жетекшілігімен өтетін хирургиялық операцияларға студенттер ассистент ретінде қатысады. Бұл болашақ дәрігерлердің кәсіби шеберлігін қалыптастыруға және хирургиялық дағдыларды меңгеруге үлкен көмек береді.
Сондай-ақ, университетінің медицина факультеті ғылыми-зерттеу бағытындағы жұмыстарына да ерекше көңіл бөледі. Самат бірнеше ғылыми жобаларға қатысып, Қазақстанның және шетелдің беделді ғылыми конференцияларында баяндама жасады. Оның зерттеулері денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған және жоғары бағаланды. Соның ішінде, Саматтың жетекшілігімен орындалған бір зерттеу республикалық деңгейде танылып, университеттің ғылыми жетістіктерінің қатарын толықтырды. Бұл университеттің ғылымды дамытуға бағытталған кешенді саясатының нәтижесі болып табылады.
Қожа Ахмет Ясауи университеті білікті дәрігерлерді даярлау орталығына айналған. Мұнда студенттерге теория мен тәжірибені ұштастыратын кешенді білім беру жүйесі ұсынылады. Университеттің жеке клиникасы, білікті оқытушылар құрамы, ғылыми-зерттеу бағытындағы мүмкіндіктері – осының бәрі Қожа Ахмет Ясауи университетін Қазақстанның үздік оқу орындарының қатарына енгізеді.Болашақ дәрігер Саматтың жетістіктері мен тәжірибелері осы білім беру жүйесінің тиімділігін көрсетеді. Университет түлектері ел денсаулық сақтау саласына үлес қосып, медицинаның түрлі салаларында кәсіби шеберлікпен танылып келеді.
Жұлдыз ШАЛХАРБЕК
Қожа-Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті