Брифинг Түркістан облысының санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы орынбасары Асқар Ысқақовтың, Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаевтың, Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары Мейржан Джалайровтың, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының тамақ өнімдері қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Мейірхан Смағұловтың қатысуымен өтті.
Брифингте Түркістан облысының санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов «Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясында еліміздің бірқатар өңірінде ауқымды іс-шаралар өткізіліп, жаңа серпін алуда. Акцияның негізгі мақсаты – халықтың назарын табиғаттың ластану проблемасына аудару, тазалықты сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру болып табылады. Бұл бастамада санитариялық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан да құзыреті шегінде халыққа үндеу жұмыстары жүргізілуде» — деп айтты.
Атап айтқанда департамент басшысы Нышанов Нұрбек Садықбекұлының тапсырмасымен аудандық, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары өз аулалары мен іргелес аумақта ауқымды сенбіліктер ұйымдастырып, тазалау жұмыстарына белсенді атсалысты.
Экоакцияның алғашқы аптасында яғни, «Таза өлке» апталығында басқарма мамандары аудан, қаланың тазалығы үшін сенбілік жұмыстарына қатысқан болса, «Киелі мекен» апталығында басқарма мамандары жасыл желектің түптері мен жол жиектерін арамшөптерден, күл-қоқыстардан тазалады. Сонымен қатар, тазалық акциясының «Жасыл аймақ» тақырыбындағы сенбілігінде ағаш көшеттері отырғызып, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары экоакцияның «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» апталықтарында да белсенді атсалысып, қоршаған ортаның абаттануына өз үлестерін қосқандығы туралы атап өтілді.
Айта кететіні қоршаған ортаны таза ұстау оған жанашырлықпен, құрметпен қарау әрбір адамның міндеті. Сондықтан Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті азаматтарды туған жерді таза ұстауға, елді көркейтуге өз үлестерін қосуға шақырады.
Облыс аумағында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны күннен күнге артуда. Әсіресе, адам көп шоғырланатын қоғамдық тамақтану орындары, сауда, туризм, қызмет көрсету және өндіріс салаларында даму қарқынды.
Алайда, ҚР 2020 жылғы 7 шiлдедегi № 360-VI ҚРЗ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексіне сәйкес қандай да бір кәсіпкерлік нысандарына бақылау және қадағалау органы лауазымды адамның бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) баруы, тексеру нысанасына қатысты қажетті ақпаратты сұрату, ақпарат алу мақсатында оны шақырту тексеру болып табылады.
Кодекстің 146-бабына сәйкес бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы акт, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қосымша акт құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда міндетті түрде тіркелуі тиіс.
Осыған байланысты, Республикалық және облыстық жолдардағы және туристік бағыттардағы әжетханалар, облыс аумағында орналасқан барлық мейрамхана, асхана, көлік жөндеу және жуу бекеттері мен базарларға мониторинг жүргізу тексеру болып табылатындықтан, Департамент тарапынан мониторинг жүргізілмейтіндігі түсіндірілді.
ЕСКЕРТПЕ: Кодекстің 144 бабы, 5 тармағы, 3 тармақшасына сәйкес сенімді негіздер және растайтын дәлелдемелер болған кезде, 5 тармақшасына сәйкес адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтіру және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың нақты фактілері болған жағдайда мемлекеттік органдардың жолданымдары бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) жоспардан тыс тексеруге негіз болып табылады.
Елемесов Бахтыораз Мизамұлы
ҚР ДСМ СЭБК Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы орынбасары