Жаңа жыл –әр бала үшін ерекше мереке. Таңғажайыпқа сеніп, Аяз Атадан сыйлықтарды асыға күтетін балаларға сапалы және қауіпсіз сыйлықтар сатып алу үшін бірнеше ережелерді сақтау қажет.
Сыйлықты сатып алғанда, ең алдымен, қаптаманың бүтіндігі мен таңбалауындағы мазмұнына назар аудару керек.
Жиынтықтарды таңдағанда, тәттілердің құрамында дәм мен хош иісті күшейткіштер, консерванттар (E200, E202, E210, E249), синтетикалық бояғыштар, табиғи секілді хош иістендіргіштер, гидрленген майлар мен тоң майлар, сондай-ақ табиғи кофе болмауы керек екенін білгеніңіз абзал. Ал, табиғи бояғыштар мен хош иістендіргіштер өнімнің құрамында болуына рұқсат етіледі. Сонымен қатар, балалар арасында ішек ауруларының пайда болу факторлары бола алатын кремді кондитерлік өнімдер сияқты тез бұзылатын өнімдерді жаңа жылдық сыйлықтарда қолдануға тыйым салынады.
Әрбір сыйлықта өнім туралы қазақ және орыс тілдеріндегі ақпаратты қамтитын анық, оңай оқылатын мынадай ақпарат болуы тиіс:
• өнімнің атауы;
• дайындаушының өз аумағында тұтынушылардан шағым қабылдауға уәкілетті дайындаушының атауы және орналасқан жері ;
• нетто салмағы (тамақ өнімі үшін);
• дайындаушының тауар белгісі (бар болса);
• өнімнің құрамы;
• тағамдық құндылығы;
• сақтау шарттары;
• жарамдылық мерзімі немесе сақтау мерзімі;
• сәйкестікті растау туралы ақпарат.
Егер балаңызға жұмсақ ойыншық сатып алғыңыз келсе, бұл ойыншық ішіндегі толтырғышта қатты немесе өткір бөгде заттар болмауы керек екенін ұмытпаңыз. Жұмсақ толтырылған ойыншықтың тігістері берік болуы керек. Сонымен қатар, таңбалау тұтынушы қаптамасына немесе ойыншықпен бірге жүретін төсемге жазылуы керек. Таңбалау анық, жақсы көрінетін, өшірілмейтін болуы тиіс және онда: ойыншықтың атауы мен жас ерекшелігі, дайындаушы кәсіпорынның атауы, оның мекенжайы, жасалған күні, қауіпсіз пайдалану жөніндегі ескерту жазбалары болуы тиіс.
3 жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтарды дайындау үшін шыны мен түкті материалдарды қолдануға жол берілмейді. Ойыншықтарда құрамында тез тұтанатын материалдарды, қатты немесе өткір бөгде заттары бар толтырғыш материалдарды (шегелер, инелер, металл жоңқалар, шыны сынықтары және т. б.) қолдануға жол берілмейді.Ойыншықтардың пішіні дұрыс, беті тегіс, өткір, кесетін жиектері, бұралуы және ойықтары болмауы керек.
Сіз сатушыдан сыйлықтың барлық компоненттерінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын сәйкестік сертификаты/декларациясын сұрауға құқылысыз.
Искаков Аскар Бекболатұлы
ҚР ДСМ СЭБК Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы орынбасары