ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Германия Федеративтік Республикасындағы әріптестерімен бірқатар келіссөз жүргізді.
Жұмыс сапары барысында Федералдық білім және ғылыми зерттеулер министрлігінің парламенттік статс-хатшысы Йенс Бранденбургпен, Федералдық ауыл шаруашылығы азық-түлік министрлігінің Парламенттік статс-хатшысы Клаудия Мюллермен, «German Water Partnership» ұйымының басқарушы директоры Борис Грейфенедермен, Федералдық канцлер ведомствосының ұлттық және халықаралық экономикалық саясат тобының жетекшісі Холгер Фабигпен және Геология ғылымдары (GFZ) неміс зерттеу орталығының ғылыми директоры Сюзанне Буйтермен кездесу өтті.
Федералдық білім және ғылыми зерттеулер министрлігінің парламенттік статс-хатшысы Йенс Бранденбургпен су шаруашылығы саласының кәсіби кадрларын бірлесіп даярлау перспективасы талқыланды. Неміс тарапы жақын арада Тараздағы жаңа Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетімен ынтымақтастық үшін университетті айқындауға дайын екенін білдірді.
Қанат Бозымбаев Федералдық азық-түлік ауыл шаруашылығы министрлігінің Парламенттік Мемлекеттік хатшысы Клаудия Мюллермен қазақстандық агроөнеркәсіптік және органикалық өнімдердің Германия нарығына шығу мүмкіндіктерін талқылады.
Бүгінде Германия Қазақстанның негізгі ауыл шаруашылығы серіктестерінің бірі болып табылады.
Тараптар Орталық Азиядағы Орнықты егіншіліктің аймақтық орталығының тұжырымдамасын бекітуге келісті. Естеріңізге сала кетейік, Орнықты егіншіліктің аймақтық орталығын құру жөніндегі жұмыс Қазақстан Президентінің 2023 жылғы 28-29 қыркүйектегі Германияға ресми сапары барысында айтылған бастамасы бойынша жүргізілуде.
Содан кейін вице-премьер «German Water Partnership» басқарушы директоры Борис Грейфенедермен келіссөздер жүргізді.
Германияның су серіктестігі (German Water Partnership, GWP) — бұл Германияның су саласындағы 300-ден астам компанияны біріктіретін халықаралық су саласының желісі. GWP-мен ынтымақтастық су ресурстарын тұрақты және тиімді басқару жолындағы маңызды қадам болып табылады және дәлелденген жаңа технологияларды пайдалануға мүмкіндік береді. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының Су әріптестігі туралы Жаһандық келісімнің жобасын әзірлеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сонымен қатар Қанат Бозымбаев «Су – тұрақты даму үшін» дөңгелек үстелінің панельдік талқылауына қатысты.
«Соңғы 80 жылдағы қарқындылығы бойынша бұрын-соңды болмаған соңғы су тасқынының салдары болашақта осындай апаттармен күресу және алдын алу үшін инновациялық тәсілдердің қажеттілігін көрсетті. Қазіргі уақытта БҰҰДБ-ның көмегімен біз «Talsim» су тасқынын болжау жөніндегі неміс цифрлық шешімін сынақтан өткіземіз. Біз сондай-ақ су тасқыны мәселелерін шешудің неміс тәжірибесін және оның салдарын азайту бағдарламаларын зерттеуге дайынбыз», — деді Қанат Бозымбаев.
Дөңгелек үстел барысында ондаған неміс компаниясы Қазақстандағы өндіріске және ынтымақтастыққа ниет білдірді.
Бұдан әрі Қанат Бозымбаев Федералдық канцлер ведомствосының ұлттық және халықаралық экономикалық саясат жөніндегі тобының жетекшісі Холгер Фабигпен кездесті. Тараптар өнеркәсіптік-шикізаттық ынтымақтастық және минералды ресурстарды бірлесіп игеру саласында пікір алмасты.
«Шикізатты жергілікті жерде қайта өңдеу дәрежесін арттыру, одан кейін жоғары қайта бөлу өнімдерін тасымалдау Қазақстан үшін де, Германия үшін де бірқатар артықшылықтарға ие. Біздің Президентіміз айтқандай, біз өз тарапымыздан бірлескен шикізат жобаларын іске асыру бойынша неміс және қазақстандық компаниялардың консорциумын құруды оңтайлы деп санаймыз», — деп атап өтті вице-премьер.
Қанат Бозымбаев Неміс геоғылымдар зерттеу орталығының (GFZ) ғылыми директоры Сюзанне Буйтермен Қазақстандағы жерасты су ресурстарын зерттеу мәселелерін талқылады. Бүгінде «Қазгидромет» ұлттық гидрометеорологиялық қызметі мен GFZ Берлин процесі және «Жасыл Орталық Азия» бастамасы аясында тиімді ынтымақтастық құрған.
Вице-премьердің Германияға жұмыс сапарының қорытындысы бойынша келесі құжаттарға қол қойылды:
– Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Германияның Қоршаған орта мәселелері жөніндегі Тәуелсіз институты арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандум;
– Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Неміс су әріптестігі арасындағы Меморандум;
– Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі мен «INNARI инновациялық табиғи суару» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы Меморандум;
– Қазақстан Республикасы – «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС мен Германияның тәуелсіз экологиялық проблемалар институты (ҰЭП) арасындағы Меморандум;
– Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Германияның Экологиялық проблемалардың тәуелсіз институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.