Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азиядағы ең ықпалды мемлекеттердің қатарына жатады. Қос елдің саяси сабақтастығы мен сауда-экономикалық серіктестігін одан әрі нығайту мақсатында ҚР Президентінің шақыртуымен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Көптеген маңызды келісімдер жасалды. Ел басшыларының осы кездесуі туралы өзбекстандық БАҚ өкілдері не дейді? Осыған шолу жасап көрейік.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан басшысына бауырлас елдің ең жоғары мемлекеттік наградасын салтанатты түрде табыс етті», — деп жазды Өзбекстанның басты ақпарат көзі.
Шавкат Мирзиёевке дейін «Алтын қыран» орденімен тағы кімдер марапатталғанын білесіз бе? Aniq.uz порталы 1997 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін бұл орденді кімдер алғанына шолу жасапты.
Сонымен қатар, Мирзиёевтің Тоқаевқа және Қазақстан халқына алғыс айтқанына да тоқталған.
«Өзбекстан басшысы бірлескен жүйелі және практикалық күш-жігердің арқасында Өзбекстан-Қазақстан ынтымақтастығы одақтастық қатынастардың ең жоғары деңгейіне көтерілгенін атап өтті», — дейді Aniq.uz басылымы.
Екіжақты келіссөздер соңында бекітілген келісімдер туралы да жазылып жатыр. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының және Шыршық қаласындағы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филиалдарын салтанатты түрде ашқаны айтылады.
«Өзбекстан мен Қазақстан жоғары оқу орындарының филиалдарының өзара ашылуы бауырлас екі ел арасындағы көп қырлы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанының тағы бір дәлелі болды. Бұл оқу орындарында жоғары сұранысқа ие техникалық бағыттар бойынша білікті кадрлар дайындалады», — дей отырып ӨР Президентінің сөздерінен үзінді келтіреді Kun.uz.
Сондай-ақ, Өзбекстан мен Қазақстан бірлескен инвестициялық қор құрғысы келетіні жайлы да мақала басылған.
«Астанада өткен келіссөздер барысында Өзбекстан мен Қазақстан президенттері тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткізуге, Сырдариядағы Халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығы мен Қамбарата ГЭС-1 құрылысын жеделдетуге келісті. Тараптар бірлескен инвестициялық қор құру мәселесін пысықтайтын болады», — деп жазады gazeta.uz.
Сондай-ақ, gazeta.uz Өзбекстан мен Қазақстан басшылары 2024-2034 жылдарға арналған стратегиялық серіктестік пен одақтастық бағдарламасын бекіткенін де хабарлады.
«Жоғары мемлекетаралық кеңестің 1-ші отырысында Өзбекстан мен Қазақстан кеңестің 2024-2034 жылдарға арналған стратегиялық әріптестік және одақтастық бағдарламасын бекіту және Сыртқы істер министрлері кеңесін құру туралы шешімдерге қол қойды. Мемлекеттік шекара режимі туралы келісім де қабылданды», — деп жазады басылым.
Одан бөлек, Daryo.uz сайты Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы экономикалық келісім бекітілгенін жариялады.
«Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығының еркін экономикалық аймағын құру туралы Өзбекстан Президентінің шешімі қабылданды», — деп жазады Daryo.uz.
Шешім бойынша «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының еркін экономикалық аймағы құрылады. Орталықтың қызметін басқару «Сырдария еркін экономикалық аймағының дирекциясы» унитарлық кәсіпорнына жүктелген.
Өнеркәсіптік кооперация орталық аумағындағы өндіріс процесіне өнеркәсіптік кәсіпорындарды тарту және импортты алмастыратын өнім шығаруды жолға қою арқылы кеңейтілетін болады.
Сондай-ақ, Өзбекстан мен Қазақстан арасында 7 миллиард долларлық мәмілелер мен келісім-шарттар портфелі әзірленгенін хабарлаған.
«Өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мақсатында ағымдағы саммитке дейін жалпы құны 7 миллиард долларды құрайтын жаңа келісімдер мен келісім-шарттар портфелі әзірленді», — деп жазады Xabar.uz.
Олардың қатарында энергетика, көлік-логистика, металлургия, тоқыма өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларындағы жобалар, сондай-ақ өңіраралық жобалар бар.
«Сырдария ауданында Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының құрылысын жеделдетіп, онда кәсіпорындарды орналастыру келісілді.
Ірі жобаларды қаржылық қолдау мақсатында Бірлескен инвестициялық қор құру мәселесі пысықталатын болады», — деп хабарлады басылым.