8 тамызда Жапонияның премьер-министрі Фумио Кишида Орталық Азияның бес елімен өтетін саммитке қатысу үшін Қазақстанға келмек еді. Алайда Күншығыс еліндегі жер сілкінісіне байланысты Кишиданың сапары болмайтыны хабарланды. Негізі аталған елмен екіжақты маңызды келісімдер болуы мүмкін деп күтілген.
Екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылы 26 қаңтарда орнатылды. Ал 1993 жылы Жапонияның Қазақстандағы Елшілігі ашылды. Үш жылдан соң Қазақстанның Жапониядағы Елшілігі ашылғаны жария болды. Жалпы, Қазақстан мен Жапонияның ынтымақтастығы ұзақмерзімді әрі тиімді қарым-қатынасқа негізделген. 2016 жылы екіжақты қарым-қатынас кеңейтілген стратегиялық серіктестікке дейін көтерілді.
1994 жылдан бері Жапонияда Қазақстанмен Парламенттік достық лигасы жұмыс істейді. 2004 жылы ҚР Парламенті Сенатында Жапониямен ынтымақтастықты дамыту жөніндегі топ құрылса, 2005 жылдан бері ҚР Парламенті Мәжілісінде дәл осындай топ бар.
Жапония Семей өңірі бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы қарарының тең авторы саналады. Себебі 1999 жылы қыркүйекте Токио қаласында бұрынғы Семей полигонының проблемалары жөніндегі ірі халықаралық конференцияны өткізудің бастамашысы болды. Кейінгі 25 жылдан аса уақыттан бері Қазақстан аумағындағы ядролық сынақтардың зардаптарын зерделеуге қатысты бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Қазір Семей, Хиросима және Нагасаки қалаларының медициналық һәм қоғамдық мекемелері арасында тығыз байланыстар орнатылған.
2015-2017 жылдары Қазақстан мен Жапония Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСТШ) күшіне енуіне қолдау көрсету жөніндегі 9-шы конференцияның тең төрағалары міндеттерін атқарды.
Әлемдегі ең күшті үшінші экономика саналатын Жапония Қазақстан үшін ірі 10 инвестордың қатарына кіреді. Мәселен, 2005 жылдан бері Жапония Қазақстанға 7,8 млрд доллардан аса инвестиция құйған. Қазір елімізде түрлі сала бойынша Қазақстан мен Жапонияның 60 бірлескен инвестициялық жобасы бар және бұл бағытта жүздеген компания жұмыс істеуде.
Осы тұста Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымының кейінгі жылдардағы көрсеткішіне көз жүгіртсек. Жалпы, екі ел 2022 жылы 1,9 млрд долларға, 2023 жылы 2,1 млрд долларға сауда жасасқан. Оның 600 млн доллары Қазақстанға, қалған басым бөлігі Жапонияға тиесілі.
Ал биыл алғашқы 5 айда екі елдің тауар айналымы 767,5 млн долларды құраған. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 14,3 пайызға төмен, алайда қалған жарты жылдан астам уақытта көрсеткіш өсуі мүмкін.
Аталған 5 айда Қазақстанның Жапонияға экспорты 297,5 мың тонна (214,5 млн доллар) болған. Еліміз Шығыс Азиядағы арал-мемлекетке 126,3 мың тонна ферроқорытпа, қарақұмық (345,2 тонна), өңделмеген алюминий (3,5 мың тонна), тантал мен одан жасалған бұйымдар (17 тонна) жеткізген. Бұған қоса сұйықтық пен газға арналған сүзгілерді, портативті медиастанцияларды, төсек жабдықтарын және 37,2 тонна күнбағыс майын жөнелткен.
Өз кезегінде Күншығыс елінен келетін Қазақстанның импорты 41 мың тонна (553 млн доллар) болыпты. Еліміз шиналар мен дөңгелектер (77,4 мың дана), жеңіл автомобиль (8,6 мың дана), жүк көліктері (106 дана), көлікке арналған қосалқы бөлшектер (1,9 мың тонна) алған. Тізімде музыкалық аспаптар (294 дана) және кеңсе тауарлары (2,5 тонна) бар.
Қазақстандық дәріханалар мен ауруханалар 4,6 тонна жапондық фармацевтика өнімі мен 66,3 мың дана медициналық жабдық алдыртқан. Сондай-ақ 154,5 тонна сорғы және 5 мың дана жазу машинасы мен принтер импорттаған.
Токио тарапынан жасалған маңызды қадам
Мақсұт Нәрікбаев университетіне қарасты ғылыми-талдау орталығының сыртқы саясат және халықаралық зерттеулер бағдарламасының жетекшісі Мирас Жиенбаевтың айтуынша, Жапониямен қарым-қатынас арқылы Қазақстанның дипломатиялық көкжиегі кеңейе түспек.
– Жапония Премьер-министрі Фумио Кишиданың қатысуымен алғаш рет мемлекет басшылары деңгейінде «С5 + 1» форматындағы кездесу Қазақстанда өтеді деп жоспарланған еді. Бұл формат ең алдымен Астана үшін өте маңызды, орта державалардың бірі ретіндегі дипломатиялық қабілетінің көкжиегін кеңейтеді. Қазір Орталық Азия бүкіл әлеммен ынтымақтастық желілерін құратын әлемнің қарқынды өңіріне айналып келеді. Осы тұрғыда Қазақстан үшін Жапония Премьер-министрі Фумио Кишиданың сапары ерекше символдық мәнге ие болатын, өйткені дәл осы Жапония әлемге «С5 + 1» форматында Орталық Азиямен диалогтың сапалы жаңа форматын ұсынған алғашқы мемлекет болды, – дейді саясаттанушы.
Сарапшының айтуынша, сыртқы саясатта осы форматтағы алғашқы кездесу Астанада 20 жыл бұрын – 2004 жылы 27 тамызда өткен. 20 жылдан кейін Астанада өтетін «Орталық Азия + Жапония» саммиті мемлекет басшылары деңгейінде алғаш рет өз дамуының жаңа деңгейіне жетпек. Жапония Орталық Азиямен неғұрлым белсенді ынтымақтастыққа мүдделі әрі стратегиялық бастамалары бар.
– Жапонияның дипломатиялық дәстүрінің ерекшеліктерін ескере отырып, бұны Токио тарапынан жасалған маңызды қадамға санауға болады. Жапония алдағы Саммит барысында жарияланатын ынтымақтастық жөніндегі жаңа тетіктер мен бастамаларды ұсынып, Орталық Азия мемлекеттерімен байланысын жандандыруға ұмтылатыны анық. Орталық Азияның геосаяси тұрғыда ілгерілеуі, экономикалық өсімі Жапонияға мүмкіндіктер ашып, серпін береді, – деп толықтырды Мирас Жиенбаев.
Екі тарапты мәдени байланыстар да қызықтырады
2020 жылы Токиода Жапонияның саяси, мәдени және қоғамдық топтарының, сондай-ақ дипломатиялық корпустың қатысуымен қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының жапон тіліне аударылған шығармалары жарық көрді. Сол жылы Жапонияда «Әл-Фараби орталығы» ашылып, Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығын тойлаудың маңызды оқиғасы болды. Осыдан кейін Күншығыс елінің қазақ мәдениетіне қызығушылығы байқалған.
2021 жылы Жапония Үкіметінің атынан 3,7 млн доллар көлемінде гуманитарлық грант беру жөнінде келісімге қол қойылды. Көп ұзамай Жапониядағы қазақтар қауымдастығы құрылды. 2022 жылы Токиодағы Akasaka Kumin Center концерттік залында Қазақстанның Жапониядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнатуының 30 жылдығына арналған «Жібек жолы – мәдениет пен достық көпірі» атты қазақ ұлттық музыкасының концерті өтті. Қазір екі мәдени байланыстары туризм саласы бойынша нығайып келеді.