Түркістанда 18 қабатты қонақүй салынады. Қытайлық кәсіпкерлер құрылысқа инвестиция құймақ. Қазіргі уақытта келіссөздер жүргізіліп жатыр. Мұндай мүмкіндікке аймақ басшысы Вэйнань қаласына сапары барысында қол жеткізді.
Түркістанда салынатын 5 жұлдызды қонақүйде бөлмелер ғана емес, сонымен қатар аквапарк, виллалар кешені, бизнес орталықтары болады. Жобаның құны 270 миллион доллар.
Түркістан облысының басшысы Дархан Сатыбалды Қытайға сапары барысында осындай келісімге келді. Сондай-ақ облыста жалпы құны 1,5 миллиард теңгеден асатын 4 жоба жүзеге асырылды. Қытайда аймақ басшысы кәсіпкерлік нысандарын аралады.
Бейнебақылау камераларын шығаратын цех та қытайлық компаниямен бірге салынады. Өңір мен қытайлық инвесторлар арасындағы келісімнің мақсаты – зауыттардың санын көбейтіп, халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы мақсатты жүзеге асырудың алғашқы қадамы ретінде облыс әкімі бірнеше меморандумға қол қойды.
Түркістан облысы делегациясының Аспан асты еліне сапары жалғасып жатыр. Кәсіпкерлер Қытайдың тәжірибесін үйреніп, аймақта жаңа кәсіпорындар ашуды жоспарлап отыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен ынтымақтастық Қазақстан үшін өте маңызды екенін жеткізді. Ол өткен күндердің идеяларына негізделген үрей болмауы керегін жеткізді. Мемлекет басшысы Қытайды жоғары дамыған мемлекет деп атады. Оның мықты тұсы – жоғары технология. Ал бұл біріншілікті бүкіл әлем мойындап отыр.
Қазақстан президентінің айтуынша, республика мен Қытай арасындағы қарым-қатынас достық, тату көршілік және мәңгілік стратегиялық әріптестік рухында белсенді дамып келеді.
Президент екі ел арасындағы өзара тауар айналымы бұрын-соңды болмаған өсім көрсетіп отырғанын атап өтті.