1991 жылы желтоқсанда НАТО мүшелері Солтүстік Атлант ынтымақтастығы кеңесін құрды, кейін, 1997 жылы Еуроатлантикалық әріптестік кеңесі деп өзгертілді. Форум Орталық Еуропа, Шығыс Еуропа және Орталық Азия мемлекеттерімен жаңа қарым-қатынастар орнатудың тұғырнамасына айналды. НАТО-ның ынтымақтастық векторы оңтүстікке дейін жетті. 1994 жылы альянс блок құрамына кірмейтін Жерорта теңізінің алты елі – Египет, Израиль, Иордания, Мавритания, Марокко және Туниспен диалог орнатты, оған 2000 жылы Алжир де қосылды.
1994 жылы НАТО «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» деп аталатын бағдарлама құрып, альянсқа кірмейтін елдерге серіктестерімен ақпарат алмасуға және өз қарулы күштерін блок стандарттарына сәйкес жаңғыртуға мүмкіндік берді. Қазақстан да осы бағдарламаның қатысушысы саналады. Бұл ретте блоктан тыс әріптестерге альянсқа қатысудың деңгейін таңдау ұсынылады.
Бірте-бірте альянс Еуропаның шығысына қарай кеңейді. 1999 жылы ұйымның стандарттарына қатысты саяси және әскери реформаларды аяқтағаннан кейін Чехия, Венгрия және Польша НАТО-ға қабылданды. 2004 жылы Вашингтонда Болгария, Латвия, Литва, Румыния, Словакия, Словения және Эстонияның альянсқа кіру рәсімі өтті. Осылайша, НАТО мүшелерінің саны 26 мемлекетке жетті.
Ал 2009 жылы НАТО-ға Албания мен Хорватия қосылды. Балқандағы блоктың кеңеюін Черногория (2017 жылғы маусым) және Солтүстік Македония (2020 жылғы наурыз) жалғастырды. Геосаяси оқиғалар НАТО-ға кейінгі екі жылда Швеция мен Финляндияның қосылуына жол ашты.
Қазір НАТО құрамында 32 мемлекет бар. Ашық дереккөздерде НАТО-ның барлық мүшелерінің біріккен қарулы күштерінде 3,5 млн-ға жуық жеке құрам бары жазылған. Барлық мүше мемлекеттерде 966,88 млн адам тұрады, ал жер аумағы 25,07 млн шаршы шақырымды алып жатыр.
Оның үстіне қазір НАТО-ға мүше барлық елдер жалпы ішкі өнімінің 2 пайызын блоктың бюджетіне төлеуге ұмтылады.
Қазір НАТО елдерінің 4,5 мыңға жуық әскери қызметшісі Косовода әрекет етеді. 1999 жылдың маусымында алғаш рет Косовоға кірген әскерлер бүкіл аумаққа айтарлықтай ықпал жүргізуін жалғастыра берді. 2008 жылы ақпанда Косово тәуелсіздігін жариялағаннан кейін НАТО БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1244 қарары негізінде өзінің ықпалын жалғастыруға келісті.
НАТО теңіз саласында үш негізгі операция мен іс-шаралар жүргізеді: Альянстың тұрақты әскери-теңіз күштері, «Теңіз күзеті» және «Эгейлік қызмет» операциялары.
Өзіндік әуе полициясы да жұмыс істейді. Тәулігіне 24 сағат, жылына 365 күн бойы жойғыш авиация мен экипаждардың тұрақты қызмет етуін қамтамасыз етеді. Өз одақтастарының аспанын шолып отырады. Халықты әуе күштерінің қауіпнен, зымырандардың шабуылынан қорғайды.
9-11 шілде аралығында Вашингтонда өтетін мерейтойлық саммит НАТО-ның таяудағы елеулі оқиғасы болмақ. НАТО-да ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген Шығыс зерттеулер орталығының (Польша) қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі аға сарапшысы Роберт Пшель Вашингтондағы саммит НАТО мүшелерінен жедел шешімдерді талап етеді деп есептейді. Сонымен қатар ол Орталық Азия НАТО үшін жан-жақты ынтымақтастық құру ретінде қызықты өңір болып қалатынына сенімді.
– Қазақстан – зор әлеуеті мен өңірлік амбициялары бар ірі мемлекет. Сонымен қатар әлемде болып жатқан оқиғаларға өз көзқарасы бар. Егер байқасаңыздар, кейінгі жылдары НАТО басқа елдермен жан-жақты және түрлі деңгейдегі қарым-қатынас орнатуда. Бұл орайда Қазақстан мен Орталық Азия елдері блок үшін қызығушылық танытып отыр, – деді Роберт Пшель.
Бұл тұста сарапшы НАТО саммиттерді жиі өткізбейтінін атап өтті. Жылына бір рет, кейбір жағдайларда жылына екі рет қана болуы мүмкін.
– Бүгінде НАТО-ның алдында жаңа қауіп-қатерлер тұр. Блоктың қаржылық аспектілерін кеңейту, басқа елдерге көмек көрсету мәселелерін талқылау қажет, – деп түйіндеді сөзін.
НАТО-ның қазіргі бас хатшысы Йенс Столтенберг 1 қазанда ресми түрде қызметінен кетеді.