1949 жылы 4 сәуірде Трансатлантикалық альянс құрылғанда оның 12 мүшесі ғана бар еді. Ал қазір ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірлесіп жұмыс істейтін ұйымда 32 ел бар. 9-11 шілде аралығында Вашингтонда НАТО-ның 75 жылдығына орай саммит өтпек. Осыны ескеріп, Kazinform тілшісі әскери-саяси блок дамуының негізгі кезеңдерін шолып шықты.
НАТО тарихы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін басталғанын жақсы білеміз. Соғыстан кейінгі уақытта капиталистік және коммунистік екі жүйенің мүдделері қақтығысты. 1948 жылы ақпанда коммунистер Чехословакияда билікке келді. КСРО одақтастары Батыс Берлинге тосқауыл қойды. Осы оқиғаларды ескере отырып, АҚШ президенті Гарри Трумэн 1947 жылы наурызда жеке доктрина жариялады.
Өз кезегінде 1948 жылы Еуропадағы одақтастар – Бельгия, Ұлыбритания, Люксембург, Нидерланд және Франция ұжымдық қауіпсіздікті көздейтін Брюссель пактісін ресімдеді. Осы кезден бастап олар АҚШ және Канадамен біріккен, Трансатлантикалық әскери одақ құру туралы келіссөздер жүргізуді бастаған болатын.
Ақыры 1949 жылы 4 сәуірде 12 мемлекет – Бельгия, Ұлыбритания, Дания, Исландия, Италия, Канада, Люксембург, Нидерланд, Норвегия, Португалия, АҚШ және Францияның СІМ басшылары Вашингтонда Солтүстік Атлант шартына (бейресми Вашингтон шарты – ред.) қол қойды. Әскери-саяси одақтың негізі – Солтүстік Атлант шарты ұйымы, яғни, қысқаша – НАТО.
Әуелдегі мақсат «Солтүстік Атлант өңіріндегі тұрақтылықты нығайту және әл-ауқатты арттыру» деп жарияланды. Шарт 24 тамызда күшіне еніп, құжаттың негізін сақтаушы депозитарийі АҚШ елі атанды.
НАТО алғашында тек одақ болды, бірақ әскери құрылым ретінде сипат алмаған еді. Әскери құрылымға айналу бастамасы КСРО алғаш рет 1949 жылы атом бомбасын сынаған кезде қозғалды. Ал 1950 жылы корей соғысы басталды. Сонда НАТО әскери штабпен біріккен командалық құрылым құрды. Бұл «SHAPE» деп аталатын Еуропадағы одақтас державалардың Жоғарғы штабы еді, онда НАТО-ның Еуропадағы Біріккен қарулы күштерінің бірінші Жоғарғы Бас қолбасшысы («SACEUR») ретінде америкалық генерал Дуайт Д.Эйзенхауэр тағайындалды. Көп ұзамай одақтастар Парижде тұрақты азаматтық хатшылық құрып, Ұлыбританиядан келген лорд Гастинг Лайонел Исмейді НАТО-ның бірінші бас хатшысы етіп тағайындады.
1960-шы жылдары болған «қырғи-қабақ соғыс» кезіндегі шиеленіс КСРО мен АҚШ Кубадағы қақтығыстан құтылғанда барып басылды. Солтүстік пен оңтүстік арасындағы қақтығысқа Құрама Штаттар қатысты, Вьетнамдағы шиеленіскен жағдайдан да тыс қалған жоқ. 60-шы жылдардың осылай қолайсыз басталғанына қарамастан, аталған онжылдықтың соңында Батыс және Шығыс блоктарының арасындағы шиеленіс аздап шешіле бастағандай еді.
Себебі екі полюс өздерінің нақты статустарын қабылдап, НАТО мен «SHAPE» жаңа орынға көшті. 1966 жылы наурызда Франция НАТО әскери қолбасшылығының бірыңғай құрылымынан шығатынын жариялады және одақтастардың барлық штабтарын француз аумағынан шығаруды талап етті. «SHAPE» жаңа штаб-пәтері 1967 жылы наурызда Бельгия жеріндегі Кастода құрылса, НАТО штаб-пәтері дәл сол жылы қазанда Брюссельге көшті.
Дегенмен Франция альянстың құрамында қалып, НАТО жұмысына одақтастарымен дәйекті түрде қатысып отырды.