Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент болғалы бірқатар елге ресми және мемлекеттік сапармен барды. Мұның бәрі – сыртқы саясаттағы «асықтарды» орнына қойып, алыс-жақын серіктестермен келелі мәселелерді таразылау. Бұдан бөлек Президент еліміздің бітімгерлік миссиясын да назардан тыс қалдырған емес. Себебі бұл – сыртқы саясаттағы басым бағыттың бірі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті қызметіне кіріскен сәттен бастап, бірден көршілермен қатынастың маңызын түсіндіргендей – Қытай Халық Республикасына 5 сапар шекті. Алғаш рет 2019 жылғы 10-12 қыркүйекте мемлекеттік сапармен барды. Кейін 2022 жылғы 3-5 ақпанда Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін жұмыс сапары ұйымдастырылды. Үшінші рет 2023 жылғы 17-19 мамырдағы мемлекеттік сапар және «Орталық Азия – Қытай» бірінші саммитіне қатысты. Содан соң 2023 жылғы 16-18 қазанда ресми сапармен және «Бір белдеу, бір жол» форумына барды. 2024 жылдың 27-29 наурызында Боао Азия форумының 23-ші сессиясына қатысты.
Мемлекет басшысының 2019 жылғы қыркүйектегі ҚХР-ға алғашқы мемлекеттік сапары барысында екіжақты қатынастар мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді.
Ал 2022 жылдың қыркүйегінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында екіжақты қатынастар «жаңа алтын 30 жылдық» дәуіріне көшті.
Мемлекет басшысының 2023 жылғы қазандағы ҚХР-ға ресми сапары барысында Қытай Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) бірлесіп дамыту жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қою арқылы ТХКБ-ға ресми түрде қосылды. 2024 жылды екі мемлекет басшылары «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» деп жариялады. 2023 жылдың 10 қарашасында Қазақстан және Қытай үкіметтері арасында азаматтарды 30 күнге дейінгі мерзімге визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді.
Сонымен қатар, Тоқаев президент болғалы кәрі құрлыққа да назарын салды. Осы уақытқа дейін Еуропа елдеріне (Бельгия, Германия, Франция, Швейцария, Италия, Ватикан) және Еуропалық Одақтың штаб-пәтеріне 8 сапар жасады.
Бұл елдер де ілтипатын жасырмады. Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға күш салатынын дәлелдеп, елімізге мемлекеттік және ресми сапарлармен Германия, Франция, Швейцария, Босния және Герцеговина, Венгрия, Чехия, Нидерланды мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары, ЕО басқарушы органдарының, сондай-ақ Ұлыбритания, Польша, Солтүстік Македония Республикасы, Италия, Словакия, Финляндия және т. б. жоғары лауазымды тұлғалары келді. Сондай-ақ, Рим Папасы Францисктің Қазақстанға Апостолдық сапары да маңызды болды.
Бұдан бөлек, «Орталық Азия +» форматында құрылған Орталық Азия елдерінің көшбасшылары мен Еуропалық Кеңес президенті, сондай-ақ Германия Президенті мен канцлері деңгейіндегі диалог алаңдары өңірлік кооперация процестеріне жаңа серпін берді.
Мемлекетіміздің мұндай екіжақты және көпжақты қарым-қатынасты нығайтудан бөлек, сыртқы саясаттағы басым бағытының бірі – бітімгерлік миссиясын қолдау. Еліміз үшін бітімгерлік қызмет – халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтудағы саясатымыздың негізі.
Қазақстан Республикасының халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесін жалғастыру мақсатында соңғы бес жылда Президент қазақстандық бітімгерлік контингентін БҰҰ-ның Батыс Сахарадағы, Орталық Африка Республикасындағы, Конго Демократиялық Республикасындағы, Малидегі бітімгерлік миссияларына қосымша жіберу туралы шешім қабылдады (миссия мандаты 2023 жылы аяқталды) және Голан үстіртінде алғаш рет дербес бөлімше ретінде Қазақстан әскері қызметіне кірісті. Жалпы Қарулы күштеріміздің 430-ға жуық әскери қызметшісін түрлі өңірге жіберу жоспарланған.
2019 жылдың 28 мамырында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасарлары Атул Харемен және Жан-Пьер Лакруамен кездесті. Сол кезде Мемлекет басшысы еліміз БҰҰ Бас хатшысы ұсынған реформаларды, соның ішінде бітімгерлік миссияларды қолдайтынын атап өткен.
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының міндеттері мен мақсаттарын құрметтейді. Біз БҰҰ Бас хатшысы ұсынған реформаларды, соның ішінде бітімгерлік миссияларды қолдаймыз. Біз бітімгерлік қызметтің тиімділігін арттыру үшін ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Өкінішке қарай, қазіргі әлем өте құбылмалы болып тұр. Сондықтан, біздің бірлескен қызметіміз жер шарын мейлінше тұрақты әрі қауіпсіз етеді деп үміттенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.