Қазақстан Республикасының Елшісі Қанат Тумыш Лаос Халық Демократиялық Республикасының (Лаос) Президенті Тхонглун Сисулитке сенім грамоталарын табыс етті.
Жүздесу барысында екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың және көпжақты өзара іс-қимылдың кейбір өзекті мәселелері талқыланды. Оның ішінде, Лаостың 2024 жылғы АСЕАН-дағы төрағалығы, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағытының негізгі қырлары және Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, екіжақты сауда-экономикалық, мәдени және логистика жөніндегі ынтымақтастықты әрі қарай жандандыру.
Сондай-ақ, Елші Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымындағы төрағалығы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, осы бірлестік елдерінің Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығымен (АСЕАН) ынтымақтастығын жандандыру туралы ұсыныс енгізді. Тараптар осы мақсат үшін Орта дәліздің транзиттік-көліктік және мультимодальды-логистикалық әлеуетін пайдалану және арттыру өте маңызды деп келісті.
Өз кезегінде, Лаос Президенті екіжақты ынтымақтастықты дамытудың перспективалы бағыттары ретінде ауыл шаруашылығы, энергетика, құрылыс және білім беру болып табылады деп айтты. Атап айтқанда, Лаос тарапы Қазақстанның энергетика саласын дамыту саясатына және тәжірибесіне қызығушылық танытып, тиісті министрліктер арасында онлайн форматында келіссөздер жүргізуді ұсынды.
Сонымен қатар, ҚР Елшісі сапар аясында Лаос Сыртқы істер министрінің орынбасары Бунлиа Пханданувонгмен кездесу өткізіп, оның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Лаос Халық Демократиялық Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік/ресми паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды.
Кездесу алдағы жылдары екіжақты қарым-қатынастарды сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жылы, достас ахуалда өтті.