Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде, ең алдымен, саммиттің «Көлік, коммуникация және климаттық өзгерістерді бақылау арқылы баянды болашақ құру» деген тақырыбы барлық елдің мүддесіне сай келетінін атап өтті. Сондай-ақ аталған басқосу түркі елдерінің игілігін көздейтініне, дамудың тың бағыттарын айқындайтынына және бауырластық байланысты нығайтып, өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ететініне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының қазіргі төрағасы ретінде оның қызметі барынша тиімді болғанын қалайды.
– Ұйымның халықаралық мәртебесін арттыруға күш саламыз. Бұл ретте, «TURKTIME!» ұраны аясында ықпалдастықты кеңейтуді жалғастырамыз. Бұған дейін 40-қа жуық іс-шара өткіздік. Елдеріміз арасындағы байланыстың жаңа тетіктері пайда болды. Бұл – әлеуметтік саясат, құқық қорғау, білім, технология, инновация және өнеркәсіп сияқты салалар. Сондай-ақ Астанада қыркүйек айында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл – түркі мәдениетін кеңінен дәріптейтін маңызды іс-шара. Осы сәтті пайдаланып, бауырлас елдердің спортшыларын дүбірлі додаға қатысуға шақырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету еліміздің сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтың бірі екеніне тоқталып, түркі халықтарының әрдайым ынтымақта болуы керек екенін айтты.
– Біздің күш-қуатымыз – бірлікте. Жалпы, кез келген қақтығыс пен қайшылықты шешудің жалғыз жолы бар. Ол – сындарлы диалог. Осы орайда төрағалығымыздың аясында «Медиацияға» ерекше мән беріп отырмыз. Мен Әзербайжан мен Армения елдері арасындағы бейбітшілік орнатуға бағытталған оң үрдісті ерекше атап өткім келеді. Біз татулыққа бастайтын қадамдарды барынша құптаймыз. Баку мен Ереван арасында бейбіт келіссөздер жүргізу үшін өз алаңымызды ұсынуға әрдайым дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.\
Президент қазір дүниежүзінде саяси және экономикалық өзгерістер болып жатқанына, соның салдарынан мызғымастай көрінген жаһандық қауіпсіздік жүйесі сыр бере бастағанына назар аударды.
Осыған орай Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі нығайту қажет екенін айтып, Ұйымның алдағы жұмысы және оның басым бағыттары туралы пікірін ортаға салды.
– Түркі ұйымы елдерімен, сондай-ақ басқа да мемлекеттермен сауда және тасымал көлемін арттыру қажет. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдаланған жөн. Бүгінде аталған бағыт бойынша контейнерлік тасымалдау көлемі күрт артты. Көрсеткіш өткен жылдағы кезеңмен салыстырғанда екі есе өскен. Біз тасымалдың уақытын азайту үшін «Digital Trade Corridor» мультимодалды цифрлық платформасын құрдық. Осы бағытта Әзербайжанмен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі таңда екіжақты теміржол әкімшіліктерінің интеграциясы аяқталды. Осының арқасында былтыр орта дәлізбен жүк тасымалдау көлемі 65 пайызға көбейді, Яғни, 3 миллион тоннаға жуықтады. Ақтау портындағы хаб контейнерлік тасымалдау көлемін 300 мыңға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Порт Каспий жағалауындағы елдерге және Орталық Азия мемлекеттеріне қызмет көрсетеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттерінің экономикасын дамыту мүмкіндіктеріне тоқталды.
– Экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін қаржы саласындағы байланысты нығайта түсу керек. Осы ретте Түркі орталық банктерінің кеңесін құру қажет. Мен, сондай-ақ, Жалпытүркі патент ұйымын құруды ұсынамын. Биыл Түркі инвестициялық қоры Басқарушылар кеңесінің ұлықтау рәсімі өтті. Оның қызметі экономика және қаржы-инвестиция саласын дамытуға оң әсер етеді деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы коммуникация саласын келесі маңызды бағыт ретінде атады.
– Бүгінде Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық кабель тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр Бұл жоба елдеріміз арасындағы байланыстың сапалы болуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ аймақтың әлеуметтік-экономикалық өсіміне жағдай жасайды. Жасанды интеллект және спутник жүйесі сияқты озық технологияның әлеуеті де зор. Біз жасанды интеллект саласы кадрларын даярлау мәселесіне баса мән береміз. Осы ретте арнайы мектептер желісін құруды көздеп отырмыз. Ол әлемдегі озық компаниялардың платформасына негізделетін болады. Біз Орталық Азияда IT-стартаптармен айналысатын «Astana Hub» технопаркін құрдық. Баршаңызды осы хабтың әлеуетін пайдалануға шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент елдеріміз үшін төл өркениетіміз бен ана тілімізді сақтау мәселесі айрықша маңызды екенін атап өтіп, жасанды интеллектінің көмегімен «Үлкен тілдік түркі моделін» әзірлеуді ұсынды.
Мемлекет басшысының айтуынша, климаттық өзгерістерді бақылаудың мәні зор.
– Сарапшылар әлемдегі орташа температура 1,5 цельсий градустан көтерілуі мүмкін дейді. Оның ықтималдығы 80 пайыздан асты. Яғни, климатқа қатысты күрделі ахуал қалыптасып отыр. Жер шарының әр түкпірінде болып жатқан аптап ыстық, орман өрті, қуаңшылық пен су тасқыны – осының айқын дәлелі. Біз түркі әлемімен бірлесіп, климат мәселесі бойынша ынтымақтастықты күшейтуге дайынбыз. Осы ретте биыл Әзербайжанда өтетін СОР29 климат конференциясының жұмысына белсене қатысуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан климаттың өзгеруіне қатысты міндеттемелерге жауапкершілікпен қарайды. Біз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Өңірлік климат саммитін өткіземіз. Саммиттің жұмысына түркі бауырларымыз белсенді қатысады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Каспий және Арал теңіздеріндегі экологиялық мәселелерді шешу үшін бірлескен күш-жігер қажет екеніне назар аударды.
– Каспий теңізінің логистикалық әлеуетін арттыру маңызды дедік. Бірақ ондағы экология мәселелерін де назардан тыс қалдырмау қажет. Мысалы, өзекті түйткілдің бірі – теңіздің тартылуы. Оның қоршаған ортасын, флорасы мен фаунасын қорғау да – аса маңызды міндет. Каспийді құтқару үшін нақты шешімдерді пысықтау керек. Осы ретте, түркі елдері ғалымдарының ықпалдастығын жандандыратын кез келді. Сол үшін Алматыдағы Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтының мүмкіндігін кеңінен қолдану қажет. Оған ғылыми-техникалық тұрғыдан қолдау көрсетуге шақырамын. Сонымен қатар Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуы – алаңдатарлық мәселе. Экологиялық апатқа ұшыраған аймақты оңалту керек. Сондықтан Мажарстандағы Шөлдің алдын алу институтымен тығыз ынтымақтастық орнатуды ұсынамын. Бұған қоса, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану қажет. Ол үшін су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану керек, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, бүгінгі басқосудың маңызды мәселелерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік бергенін атап өтіп, осындай кездесулер түркі әлемінің халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға және бауырластық байланыстарды нығайтуға зор үлес қосатынын айтты.