Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде салтанатты жиын өтті. Онда жаңадан қабылданған мемлекеттік әкімшілік қызметшілер Қазақстан Республикасының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің антын салтанатты түрде қабылдады.
Мемлекеттік Әнұранмен бастау алған жиында Түркістан облысының бас мемлекеттік-санитариялық дәрігері Нұрбек Нышанов жаңадан жұмысқа орналасқан мамандарға сәттілік тілеп, ел мүддесі жолында аянбай еңбек етуге шақырды.
– Сіздерді Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшісінің ант қабылдауымен құттықтаймын. Сіздер әрқашан берілген антқа адал, өз Отанының мүддесіне лайықты қызмет ететіндеріңізге сенім білдіремін. Бүгінде Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде және аумақтық басқармаларда 320-дан аса мемлекеттік қызметші, 120 әкімшілік қызметші ұлт денсаулығын жақсарту жолында еңбектенуде. Ендігі кезекте қызметтік міндеттерін атқаруға деген адал ниетпен Сіздерге көрсетілген сенімді ақтайды деп үміттенемін, – деді департамент басшысы Нұрбек Садықбекұлы.
Мемлекеттік мекемеде өз еңбек қызметін бастаған мемлекеттік қызметшілер осы оқиғаның барлық жауапкершілігі мен маңыздылығын түсініп, Отан үшін және республикамыздың мүддесі үшін адал және кәсіби қызмет етуге ант берді.
ҚР ДСМ СЭБК Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Нышанов Нұрбек Садықбекұлы