Бүгінде Астана жаһанға бейбітшілік алаңы, меймандос қала ретінде танылды. Бұған қоса шаһар әлемнің бірінші көшбасшылары жиналатын, мемлекетаралық мүдделерді тоғыстырған, геосаяси тұрақсыздықты реттеуге шақыратын бітімгершілік миссиясын да абыройлы атқарып отыр. Елорда өз беделін батыл қадамдардың арқасында қалыптастыра білді.
Екі апта бұрын Ұлыбританияның Ланкастер университетінде Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасына арналған жыл сайынғы халықаралық конференция өтті. Осы университеттегі Конфуций институты ұйымдастырған ғылыми жиынға 20-ға жуық елден ғалымдар келді. Екі күн бойы ірі бастаманың мүмкіндіктері мен сын-қатерлерін талқылаған сарапшы, ғалымдардың баяндамалары «Қазақстан, Астана» сөзімен басталған еді. Тіпті Оңтүстік Африка Республикасынан келген ғалым, Біріккен Ұлттар Ұйымының Африка үшін Экономикалық комиссиясының қызметкері Нэнси Гитайга: «Бір белдеу, бір жол» жобасы Қазақстанның елордасы Астана қаласында алғаш рет жарияланғаны белгілі. Астана – аталған елдің бас қаласы, жас қала, табиғаты, көркі келіскен қала. Жаңа заманауи ғимараттар көзге ерекше әсер береді. Осындай әдемі жерден мега жобаның тарихы басталды. Бұл да бастаманың жүзеге асуына оң әсер ететіні сөзсіз. Әрине, Си Цзиньпин де мұны Қазақстанның көрікті қаласында кездейсоқ жариялаған жоқ деп есептеймін», деп Астана туралы оң пікірін білдірді.
Астана – осындай әлемдік деңгейдегі жобалар жарияланып, болашағы талқыланған жер. Күні кеше Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде Қазақстан өзінің төрағалығына сай қызмет көрсетіп, он алты елдің басшысын қарсы алды.
Ұйымның XXIII саммиті былтыр 4 шілдеде Үндістанда өтті. Онлайн форматта ұйымдастырылған жиында бірқатар маңызды мәселені талқылау кейінге қалдырылды. Сондықтан Ұйымға мүше елдердің басшыларымен қатар мүдделі елдердің де көшбасшылары Астанаға асыққаны рас. Мәселен, Нью-Делидегі саммитте Ұйымның 2030 жылға арналған экономикалық даму туралы стратегиялық құжаты бірауыздан мақұлданбай, қол қойылмады. Бұл іс Астана саммиті кезінде жүзеге асты. Сонымен қатар осыдан үш жыл бұрын Беларусь Республикасы ШЫҰ-ға қосылуға ниет білдіріп, өтініш берген еді. Бұл бастама да биылғы Астана саммитінде мәресіне жетіп, аталған ел ұйымға мүше болды.
ШЫҰ 2001 жылы құрылды. Бүгінге дейін Қазақстан ұйымға төрт рет (2004, 2010, 2016, 2023) төрағалық етті. Астанадағы саммитке Әзербайжан, Түрікменстан, Түркия секілді Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше емес елдер де қатысты. Бұл жерде Қазақстан ұйымға төрағалық етудегі міндетін атқара отырып, Қытай, Ресей, Түркия мемлекеттері мен БҰҰ-ға келіссөз жүргізуге мүмкіндік берді. Өйткені Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның, БҰҰ хатшысы Антониу Гутерриштің Мәскеуге бармасы белгілі. Осы себепті Астана бітімгершілік миссияның алаңы болып отыр.
«2023 жылдың шілдесінен бастап ШЫҰ-ға төрағалық ету Қазақстан Республикасына өткен кезде қазақстандық тарап түрлі салада 140-тан астам іс-шара ұйымдастырды. Қазақстандық әріптестер осы миссия барысында 2024 жылы жарияланған «Экология жылы» аясында экономикалық, инвестициялық, көліктік, мәдени-гуманитарлық тақырыптарға, сондай-ақ экологиялық аспектілерге ерекше назар аударды», деген ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин Қазақстанның ұйымға төрағалық ету кезеңін жоғары бағалады.
Бас хатшының мәліметіндегі 140-тан астам іс-шараның барлығы дерлік елордамызда өткені белгілі. Астана, сондай-ақ көршілес мемлекеттер Ресей мен Қытайдан бөлек Батыс елдерімен де, биыл АҚШ-пен де жақсы қарым-қатынас құрып, биыл АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен, Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронды қарсы алды.
Еске салсақ, елдің жаңа астанасының халықаралық тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда өтті. Ал бір жылдан соң, 1999 жылы Астана қаласы ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітшілік қаласы» деген атқа ие болды. Бұл мәртебе осы қысқа мерзімде Астана әлеуметтік-экономикалық, этникааралық қатынастар саласында маңызды жетістіктерге жеткенін дәлелдейді.
2011 жылы Сириядағы оппозиция мен үкімет арасындағы қақтығыс азаматтық соғысқа ұласып, халқы босқынға айналды. Елдің бейбіт өмірін сақтап қалуға әлем елдері атсалысуға тырысты. Сөйтіп, 2015 жылдың қазан айында Вена келіссөздері басталды, кейін 2016 жылдың қаңтарында БҰҰ бастамасымен Сирия бойынша Женева бейбіт келіссөздері өтті. Бұл жиындар саяси ахуалды бәсеңдетті, босқындардың мәселесін біршама ретке келтірді. Бірақ қақтығысты толықтай тоқтатуға мүмкіндік болмады. Осы кезде Астана Сириядағы жағдайды реттеу үшін келіссөздер алаңы болуға дайын екенін мәлімдеп, 2017 жылы Астана процесі деген атпен әлемдегі бейбітшілікті сақтауға тағы бір қадам жасады. Осылайша, 2017 жылдың 23-24 қаңтарында Астанада алғашқы отырыс өтті. Осы жылдан бастап бүгінгі күнге дейін кепілгер елдер – Иран, Ресей және Түркияның мәмілегерлігімен, Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Сирия жөніндегі халықаралық кездесудің 20 раунды ұйымдастырылып, оның 18-і Астанада өткізілді. Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда өткен Сирия жөніндегі Астана форматы аясындағы келіссөздердің деэскалация аймақтарын құру, жанжалдасушы тараптар арасындағы қантөгісті тоқтату, адам шығындарын азайту секілді жоспарланған міндеттер бүгінгі күні толықтай іске асқан. Астана процесі кезіндегі алты жылдың ішінде Сирия төңірегіндегі ахуал түбегейлі өзгерген. Оның бір дәлелі ретінде араб мемлекеттерінің Дамаскімен дипломатиялық байланыстарын жандандыруға ұмтылысы мен Сирияның Араб мемлекеттері лигасына оралуын айтуға болады.
«The Guardian» газетінің дипломатиялық мәселелер жөніндегі редакторы Патрик Винтурдың пікірінше, Женевада өткен келіссөздерге қарағанда, Астана алаңында өткен келіссөздер біршама нәтижелі болған.
«Астана процесіне Сириядан тыс тұратын, тіпті Сирияға барып көрмеген саяси көшбасшылардан гөрі қақтығысты бастаған топ өкілдерінің тікелей қатысуы мәмілеге келуге себеп болды. Сирия үкіметі мен содырлар арасында келіссөздер аса маңызды. Бұл жерде элиталық саясаткерлер тек қана ауызша бейбітшілікке шақыруы мүмкін, ал қақтығыс алаңы – мүлдем бөлек әлем. Мәскеу «Ислам мемлекеті» мен JFS-ті қоспағанда, барлық оппозициялық жауынгерлік топтарды Астанадағы келіссөздерге шақырды. Бірқатар содырлық топтың мүшелері келмеді, олар Женева келіссөздеріне қатысудан да бас тартқан еді. Мәскеу Астанадағы келіссөздердің дипломатиялық фоны Женевадағы сәтсіз келіссөздерге қарағанда анағұрлым қолайлы деп санайды, өйткені ішінара оппозиция әлсіреді», деп атап көрсетті сарапшы.
Ал өткен жылы Астана процесінің соңғы раундына қатысқан дипломат, Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Али Аскар Хаджи журналистерге берген сұхбатында Астана процесі ауқымды жұмыс атқарғанын айтқан еді.
«Сирия мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру мақсатында Сирия, Түркия, Иран, Ресей Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде екінші кездесу өткіздік. Қазіргі таңда Сириядағы тұрақтылық пен қауіпсіздік бұрынғыға қарағанда жақсарған. Сыртқы саясатта елеулі өзгерістер орын алды. Аталған мемлекет көптеген араб елдерімен дипломатиялық қарым-қатынастарын қалпына келтірді, Араб лигасына қайта оралды. Осы уақыт ішінде Сирия мен Түркия арасындағы қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру үшін әскери, қауіпсіздік және сыртқы істер министрлері деңгейінде әртүрлі деңгейде көптеген кездесу өтті. Сыртқы істер министрлерінің Сирия мен Түркия арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды қалыпқа келтіруге арналған жол картасының жобасын әзірлеуге уағдаласуын ескеріп, бұл кездесу өте сәтті өтті деп есептейміз. Біз диалогті қамтамасыз еттік, пікір алмастық. Әртүрлі идеялармен таныстық және Сирия мен Түркия арасындағы қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру үшін жол картасын әзірлеу үдерісі басталды. Бұл жұмыс жалғаса береді», деді А.Хаджи.
Осылайша, Астана Сирия бағытындағы миссиясын абыроймен аяқтады.
Қазір әлемде дін мәселесі де өршіп тұр. Түрлі ағымдағы топтар өз «дінін» дәріптеп, адамдарды адастырып, бейбіт өмірдің шырқын бұзып келеді. Осы орайда Қазақстан бұл мәселеден де тыс қалмай, 2003 жылдан бастап Астана Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастыруды қолға алып, бастамашы болды.
2003, 2006, 2009, 2012, 2015, 2018, 2022 жылдары Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жеті съезі өтті. Алқалы жиынға ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм, басқа да дәстүрлі діндердің басшылары мен көрнекті өкілдері қатысты. Съездің диалог алаңдарында діни қауымдастықтар еркін әңгіме құрды, нәтижесінде бірлескен декларациялар, қалың бұқара пен атқарушы үкіметтерге арналған үндеулер қабылданды.
Ал 2011 жылы Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) кезекті саммиті ұйымдастырылды. Бұл іс-шараға Еуропа елдерінің басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, әлемдік БАҚ ұйымдары қатысты.
Елорда 2000 жылдан бері дүниежүзіндегі астаналар мен ірі қалалардың халықаралық қауымдастығына мүше. Сөйтіп, өзге алдыңғы қатарлы қалалармен тығыз байланыс орнатып, екіжақты мәдени-экономикалық қатынасты өркендетуге үлес қосып отыр. 2007 жылдан бастап Астана экономикалық форумын да дәстүрлі түрде ұйымдастырып, Нобель сыйлығының лауреаттарын, әлемнің ең танымал экономистері мен саясаткерлерінің басын қосып, жаһандық экономиканың мәселелерін талқылауға атсалысып келеді. Осы жылдар аралығында бірқатар экономикалық мәселені шешуге бағытталған маңызды қарарлар қабылдады.
Сонымен қатар Астана қаласында 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі өтіп, елорда екі миллионнан астам мейманды қонақ етті. Көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты.
Әлемдік деңгейдегі осындай келелі, беделді, ықпалды жиындардың алаңына айналған Астана алдағы уақытта да мемлекетаралық мүдделерді тоғыстырған, барша елдер мен ұлттарды бейбітшілікке, ынтымаққа үндейтін, ортақ келісімге, екіжақты пайдалы шешімдерге бастайтын айдынды, абат қала болып бермек. Бейбіт өмір, қарқынды құрылыс пен үздіксіз дамудың жарқын көрінісі болып, жасап, жайнай бер, елорда!