Екі ел арасындағы тасымал екі жылда бірден төрт есе өскен. Мәжіліс «Қазақстан Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді» ратификациялады. Бұл құжат байырғы замандардан бері Ұлы Жібек бойында тонның ішкі бауындай аралас-құралас жатқан қос көрші арасындағы ынтымақтастықтың өрісін кеңейтпек.
Келісім тарихи бетбұрысқа жол ашуы мүмкін. Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, ол өмірге жолдама алғаннан кейін қазақстандық жүк көліктері ханзу еліне еркін кіріп, Қытай қалаларын аралап кете береді.
Айта кету керек, Қазақстан мен Қытай арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы қолданыстағы үкіметаралық келісім тәуелсіздіктің таңында, 1992 жылғы 26 қыркүйекте бекітіліпті және ол қос көрші арасындағы қастық емес, достық қатынастарды нығайтуға қызмет етті. Құжат екі елдің шекаралас аудандары арасында жолаушылар мен жүктерді автокөлікпен тасымалдауды реттеді. Бірақ қазақстандық жүк көліктері ҚХР қалаларына ішкері кіре алмайтын.
Бұл шектеу әрине, екі елдің ынтымақтастығын да шектейтіні мәлім. Өйткені Шыңжаң өлкесінде қалың қазақ отыр, олар қазақстандық астықты, етті тұтына бастады. Қазақстанның бұл өңірмен қарым-қатынасы қарқынды дамуда.
Сондықтан екі мемлекет жаңа келісімге келді және ол, Үкіметтің түсіндіруінше, ақпараттық технологияларды енгізуді, тасымалдар үрдісін жетілдіруді, сондай-ақ екі ел аумақтарына автокөліктердің емін-еркін ішкерілей кіруін қарастырады.
Осылайша қазақстандық автотасымалдаушылар жүк шоғырланатын қытайлық ірі қалаларға, сондай-ақ оның халықаралық теңіз порттарына дейін жету мүмкіндігіне ие болады. Салыстырсақ, қазіргі тәжірибе бойынша мысалы, Қытайға ұн мен бидай таситын жүк көліктері екі ел шекарасындағы «Достық» станциясына дейін жетіп, сол жердегі терминалған түсіруге мәжбүр. Ары қарай қазақстандық өндірушілердің өнімін ҚХР-дағы тұтынушыларына қытайлық тасымалдаушылар ғана жеткізе алады. Бұл тәжірибе өзгереді.
«Бірінші келісімге отыз жылдан астам уақыт бұрын қол қойылды және ол сол уақыттағы процестерге сәйкес жасалған. Жаңа келісімнің екі ерекшелігі бар. Бұрынғы келісімге сәйкес екі ел көліктері тек шекара маңындағы қалаларға ғана кіре алады. Енді біздің көліктер Қытайдың кез келген қаласына кіре алады. Ол бізге тиімді. Өйткені қазақстандық көліктер Қытайдағы ірі порттардан Қазақстанға арналған жүктерді тікелей алып кете алады. Сонымен қатар Қытай біздің аумақ арқылы, яғни Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы өте алады. Ол біздің транзиттік әлеуетімізді өзгертеді», – деді Марат Қарабаев.
Мұнда бұдан былай қытайлық жүк тасушылар да Қазақстан жеріне еркін кіретінін жасырмаған жөн.
Бір қызығы, алпауыт елдердің тыңшылығынан, диверсиясынан қауіптенетін Қытай Халық Республикасы басқа елдердің көліктерінің өз территориясына кіруіне рұқсат бермейді. Алғаш рет Қазақстанға жеңілдік жасап отыр. Осылайша, шың елі қазақ елінен қауіп күтпейтінін аңғартқандай. Мұндай уағдаластық былтыр Қ.Тоқаевтың Сиань қаласына жасаған іссапары аясында қол жеткізілген.
Екіжақты келісімнің екінші ерекшелігі сол, екі елдің барлық тасымалдары тек рұқсатнама (тасымалдаушылар жаргонында «дозвол») негізінде жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде екі ел тасымалдаушыларына тасымал паритетін сақтауға мүмкіндік береді. Яғни, Қытайға Қазақстаннан бірнеше мың жүк көлігі ғана кіріп, ал, Қытайдан елімізге миллион жүк көлігі қаптамауы керек.
«Мұндай рұқсат беру құжатын толық цифрландырдық. Бұған дейін біз екі ел арасында жыл сайын тек 50 мыңға жуық рұқсат бергенбіз. Цифрландырудың нәтижесі бар. Бүгінде оны біз пилоттық режимде жүзеге асырып жатырмыз. Мысалы, жүк тасушылар «дозволды» күнібұрын әрі көп көлемде алып алмайды, нақты көлік кеденге келгенде, сол жерде бірден рұқсат беру құжатын алады. Нәтижесінде, Қазақстан мен ҚХР арасындағы рұқсат алмасу былтыр 113 мыңға жетті. Биыл оны 200 мыңға дейін көбейтеміз. Сонда екі ел арасындағы тасымалдар төрт есеге артып отыр», – деді көлік министрі.




