«Бланкілердің саны қажеттілікке қарай анықталып, қосымша толықтырылады. Екі елдің арасында құрылған арнайы жұмыс тобы әр тоқсан сайын жиналып, қажеттіліктері туралы ақпарат алмасады. Мысалы, биылға біздің тасымалдаушылар: «бізге 100 мың бланк қажет» деді. Біз 100 мың бланкті төрт айдың ішінде толық жасатып біттік. Биылғы жылдың соңына дейін тағы 200 мың бланк қажет деді. Күні кеше қытайлық әріптестерімізбен Ақтауда кездестік, қосымша 200 мың бланк алдық», – деді министр.
Қазіргі уақытта Қазақстан 42 елмен арада жүк тасымалын жүзеге асырады. Соның ішінде 36 мемлекетпен тасымал рұқсат беру (дозвол) жүйесі негізінде жүргізіледі. Көлік министрі рұқсат беру жүйесіне сәйкес әр елге қатысты теңдік-паритеттің қаншалықты сақталып отырғанын, қанша көлік келіп-кетіп жатқанын бақылап отырғанына сендірді.
Депутаттардың бір бөлігі бұл келісімнен Қазақстанға пайда келетініне күмәнданады.
«Үкімет мүмкіндіктер туралы көп айтады, бірақ, меніңше, осы келісімде кемшіліктер де бар. Біздің тасымалдаушылар қытайлық тасымалдаушылармен бәсекелестікке қаншалықты дайын? Мысалы, біздің тасымалдаушылар жүк көліктерін ставкасы 22–24% болатын кредитпен алады. Қытайда банктердің пайыздары өте төмен», – деді мәжілісмен Айдарбек Қожаназаров. Утильалым мен баж алымы да бізде алапат.
Марат Қарабаевтың пікірінше, керісінше, Қытайға кіргісі келетін қазақстандық жүк көліктерінің саны олардыкінен басым.
«Біздің тасымалдаушылар бәсекелестікке дайын! Өйткені мұның бәрі паритеттік негізде жүргізіледі, яғни, Қытайдың көліктері жаппай бізге кіріп алмайды немесе біздің көліктер жаппай Қытайға кетіп қалмайды. Былтыр біздің көліктер Қытайға 113 мың рейс жасаса, қытайлық жүк көліктері небәрі 6 мың рейс жасады. Ендеше бұл жерде есеп толық Қазақстан жағында», – деді Көлік министрі.
Қазірдің өзінде Қытай еліміздің ірі сауда серіктестерінің бірі болып табылады және екі ел арасында автокөлікпен жүк тасымалының көлемі жыл сайын серпінді өсуде. Мысалы, 2023 жылы тасымал көлемі 2022 жылдағыдан 2,5 есеге артып, 1,8 миллион тоннаны құрады.
Келісімді жүзеге асыру, министрдің айтуынша, жолаушылар мен жүктер тасымалының, сондай-ақ Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастығының одан әрі дамуына өз ықпалын тигізетін болады.
Көлік ведомствосының басшысы екі ел арасындағы халықтың барыс-келісі де артқанын хабарлады. Олар негізінен туристік және медициналық-емделу мақсатында қатынайды.
«Нәтижесінде бүгінде сұраныс өсіп келеді. Дәстүрлі түрде Қазақстан мен ҚХР арасында 14 жолаушылар маршруті жолға қойылған. Енді тағы 8 маршрут ашу туралы өтінім түсті. Былтыр екі ел арасында визасыз режим енгізілді. Халық өз көлігімен де қатынай алады. Бұл ретте біз Қазақстан аумағында көліктің қытайлық техбайқау нәтижесін мойындаймыз. Бірақ автосақтандыруы міндетті түрде қазақстандық болуын талап етеміз. Бұл жол апатына себепкер болып, залалды өтемей, еліне кетіп қалмауы үшін керек. Бұл талаптар қытайлық жүк көліктеріне де қатысты. Олардың жүргізушілерінің ұйықтау режимін сақтауын тахограф көмегімен бақылаймыз», – деді Марат Кәрімжанұлы.
ҚХР аумағына кіретін қазақстандық жүк көліктерінің қожайындары мен жүргізушілері де қытайлық жол қозғалысы заңдарын сақтауы шарт. Мысалы, Қытайда таңғы 3–5 сағат аралығында жолаушылар тасымалына қатаң тыйым салынған. Сондықтан сағат тілі 03:00-ке жеткенше біздің жүргізушілерге тездетіп жол бойғы сервис объектісін, мотель-қонақүйді тауып, соның ауласында аялдағаны маңызды. Көлігі сынып қалмаса, жол бойында тұра салуға болмайды.
Айтпақшы, мәжілісмен Ерболат Саурықовтың айтуынша, бұл келісімді Қазақстан тарапынан ратификациялаудың бүкіл рәсімі аяқталмай жатып, қытайлық көліктер елге кіре бастады. Осы келісім аясында Үрімші қаласынан шыққан, 80 тонналық жүк тиелген қытайлық алғашқы 3 жүк көлігі транзиттік маршрут бойынша өтіп, 23 мамырда Ақтау қаласындағы Құрық портына келді. Ары қарай олар Қазақстан ‒ Әзербайжан – Грузия бағыты бойынша пароммен аттанып кетті.




