Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Дүниежүзілік ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерришке сенім грамоталарын тапсырды.
Кездесу барысында Бас хатшы Тұрақты өкілді қызметке кірісуімен жылы құттықтап, Қазақстанмен әріптестікті одан әрі нығайтуға сенім білдірді. БҰҰ Бас хатшысы Мемлекет басшысын «жаһандық көзқарасы мен көрінісі зор жақсы досым» деп сипаттай отырып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен істеген бірлескен қызметін қуанышпен еске алды. Сонымен қатар, А. Гутерриш Қазақстанның халықаралық аренадағы жетістіктеріне жоғары баға беріп, әлемнің барлық елдерімен жақсы әрі тығыз қарым-қатынасты қолдайтын еліміздің жоғары беделін атап өтті.
Қазақстандық дипломат өз тарапынан Қазақстан Президентінің сәлемдемесін жеткізіп, БҰҰ Бас хатшысымен атқарылып жатқан жанжалдарды алдын алу, бітімгершілік және ұзақ мерзімді орнықты даму саласындағы көпжақты күш-жігерге жәрдемдесу жөніндегі қызметіне қолдау білдірді. Қ. Омаров Мемлекет Басшысы жүргізіп жатқан реформалардың негізгі тұжырымдамаларымен таныстырып, Қазақстанның БҰҰ шеңберіндегі басымдықтары туралы хабардар етті.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен БҰҰ арасындағы практикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің маңыздылығын растады.
Айта кетсек, осыған дейін Камбоджаның Қазақстандағы Елшісі сенім грамоталарының көшірмесін тапсырды
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Қазақстанда қоса қызмет атқаратын Камбоджа Корольдігінің Елшісі Чеа Соктан сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.
Ә.Бақаев Елшіні қызметке тағайындалуымен құттықтап, оның алдағы қызметі екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды әрі қарай дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Сұхбат барысында Қазақстан мен Камбоджа арасындағы өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Камбоджа арасындағы әріптестікті одан әрі нығайту үшін тығыз байланыстарды жалғастыруға уағдаласты.
Қатардың Қазақстандағы Елшісі сенім грамоталарының көшірмесін тапсырды
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Қатар Мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісі Абдулла Хусейн Джаберден сенім грамоталарының көшірмесін қабылдады.
Сұхбат барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Сондай-ақ, Қазақстан Президентінің биыл ақпан айында Қатарға жасаған мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асыруға ерекше назар аударды.
Сонымен қатар, сұхбаттастар екіжақты және көпжақты форматтарда, әсіресе БҰҰ, ИЫҰ, АӨСШК және ШЫҰ шеңберіндегі өзара тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайындықтарын білдірді.
Кездесу соңында Ә. Бақаев Елші А. Джабердің қызметіне сәттілік тілеп, оның Қазақстандағы жауапты миссиясы кезінде өзара жемісті қарым-қатынасқа үміт білдірді.
Өз кезегінде Қатар Елшісі жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, екі ел арасындағы кең ауқымды ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бар күш-жігерін салуға дайын екенін атап өтті.




