Шымкентте бес жұлдызды қонақ үй бой көтермек. Осыған орай бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков әйгілі «Hilton» халықаралық желісінің қонақ үйінің құрылысы аумағында капсула салу рәсіміне қатысты. Шымкент сити шағынауданында іргетасы қаланған бес жұлдызды қонақ үйді ашу 2026 жылға жоспарлануда.
Мегаполис басшысы қонақ үй кешенінің жобасымен танысып, оның құрылысын бастауды тапсырды.
Жалпы жаңа заманауи қонақ үйлердің пайда болуы қалаларды тартымды етіп, туризмнің дамуына айрықша серпін береді. Сонымен бірге әкімнің пікірінше «Мұндай нысандар туристік әлеуетті дамытуда ғана емес, қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруда да маңызды. «Hilton» — әлемге әйгілі бренд. Болашақта қонақ үй қаламызды толықтырып, туристер мен барлық қонақтар үшін тартымды етеді».
Құрылыс жобасына сәйкес қонақ үйде 167 бөлме, ballroom, мейрамханалар, фитнес-орталық және бірнеше конференц-зал бар. Ал ауқымды құрылыстың арқасында 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Сонымен қатар, қала әкімі ұлттық стильде салынған «Qazaq Hotel» қонақ үйіне барды. Жобаны іске асыру нәтижесінде 30 жұмыс орны құрылды. Жаңа қонақ үйде 64 заманауи және жайлы бөлмелер бар. Қонақтардың жайлылығы үшін қосымша қызметтер – мейрамхана, SPA-салон, конференц-зал және автотұрақ қарастырылған.
Еске салсақ, жуырда Шымкентте «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастырумен қонақ үй бизнесі әкімшілеріне арналған оқыту семинары өткен болатын. Семинарға барлық деңгейдегі қонақ үй бизнесінің әкімшілері қатысып, практикалық білімімен қатар бәсекеге қабілеттілік, қонақжайлылық индустриясында табысты жұмыс істеу үшін қажетті дағдыларды үйренген еді.
Семинардың басты спикерлері – қонақүй және мейрамхана индустриясында тәжірибелері мол танымал мамандар. Соның бірі қонақ үй және мейрамхана бизнесінде 15 жылдан астам тәжірибесі бар, қонақ үй бизнесін дамыту бойынша сарапшы, «Silk Road Samarkand» халықаралық туризм университетінің және Swissam университетінің профессоры, бизнес-тренер Артём Клыков тәжірибесімен бөліскен еді.