«Тәуелсіздік» саябағында Мемлекеттік рәміздер күніне орай Ту көтеру рәсімі мен салтанатты іс-шара өтті. Онда мемлекеттік рәміздеріміз ұлықталып, жастар мерекелік шеру ұйымдастырды. Жиынға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қала тұрғындары мен жастар қатысты.
Мерекелік іс-шарада әуелі Әнұранымыз шырқалды. Көпшілікке «Елдіктің нышаны болған Елтаңба, Ту, Әнұранның» шығу тарихынан ақпар беріліп, рәміздердің қадір-қасиеті айтылды.
Рәміздер алаңынан басталған патриоттық жиын одан әрі жастар шеруіне ұласты. Шеруге 600-ге жуық жас, қаладағы 8 жоғары және орта арнаулы оқу орындарының шәкірттері қатысты. Олар Қазыбек би, Төле би, Әйтеке би көшелері бағыты бойынша сап түзеп, рәміздерді насихаттады. Ту ұстаушы жастардың арасында қазақ күресінен әлем чемпионы Марат Байқамұров та болды.
Бүгін елімізде Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, елдігімізді танытуда бұл күннің маңызы зор.
Мемлекеттік рәміздер — халқымыздың мұқалмас рухын, еркіндігі мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды байлығымыз. Сонымен қатар, мереке қарсаңында «Достық үйінде» Мемлекеттік рәміздер күні мен Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, «Көк ту, көк аспан – бiрлiгiмiз жарасқан!» мерекелік іс-шарасы өтті.
Іс-шараға қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Мөлдір Кеуенова қатысып, балаларды құттықтап, мерекеде өнер көрсетіп, викториналық сұрақтарға жауап берген балақайларға сыйлықтар тапсырды.
– Ту, Елтаңба және Әнұран – біздің ұлттық мақтанышымыз, тарихымыздың, мәдениетіміздің және болашаққа деген сеніміміздің көрінісі. Мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу – әрбір қазақстандықтың парызы. Оларды биік ұстау арқылы біз бірлігімізді, тәуелсіздігімізді және болашаққа деген сенімімізді нығайтамыз. Бұл күн әрқайсымызға елімізге деген мақтаныш сезімін сыйлап, ұлтжандылық рухын арттырады, — дейді Шымкент қаласы өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нышанбаев.
Жиналған көпшілікке №1 Оқушылар сарайының «Akkum Dance» би тобы, «Алтын ғасыр» әншілер тобы сынды бірқатар өнерпаздар өнерлерін паш етті. Ал, аниматор-қуыршақтар бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік іс-шарада балалар үшін арнайы батуттар құрылып, бірқатар ойын алаңдары ұйымдастырылды. Сайыстарда белсенділік танытқан жеткіншектерге арнайы сыйлықтар беріледі. Балаларға балмұздақтар таратылып, шағын фуршет ұйымдастырылды.
Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйытқы болған іс-шараға 300-ге жуық бала қатысты.