Бүгін қала әкім Ғабит Сыздықбеков даңқты гимнастшы, «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағының иегері Нелли Киммен кездесті.
Ол- бес дүркін олимпиада чемпионы, бес дүркін әлем чемпионы, спорттық гимнастиканың аңызына айналған атақшы гимнастшы.
Нелли Шымкент өңірінде дүниеге келген. Үшінші сыныптан бастап гимнастикамен айналысқан. Ол бойындағы табиғи дарынымен ерекшеленді. Екі жылдан соң Нелли спорт шебері бағдарламасы бойынша жарысқа түсті. КСРО халықтары Спартакиадасында алтын алқа тақты. Монреальда үш алтын алқаға ие болды: командалық біріншілік, еркін жаттығулар және секіру. Көпсайыстан күміс алқа алды. Мәскеуде топтық біріншілікте және еркін жаттығуда екі алтын алқаны иемденді. Нелли Ким — әлем спортының жарық жұлдызы.1969 жылы Шымкентте өткен Спартакиаданы жеңіп, кейіннен Одақ көлемінде аты шыға бастайды. Неллидің есімі 70 жылдары Ольга Корбут, Людмила Турищева және Надя Команечилермен бірге Одақта дүрілдеп тұрды. Оның жұлдызы шағы 1975 жылы еркін жаттығуда Еуропа чемпионатын ұтқаннан кейін жанды. Келесі жылы
Монреальдағы Олимпиада ойындарының екі алтынын еншіледі. Ең бастысы, төрешілерден 10 ұпай еншілеген алғашқы гимнаст атанды.1978 жылы ол командалық сында әлем чемпионы атанады. Келесі жылы әлемнің абсолютті чемпионы болды. Одан кейін Мәскеу Олимпиадасы да келді. Одақ тарихында алғаш және жалғыз рет өткен 4 жылдықтың басты додасында екі алтын жеңіп алды. Оның біреуі командалық сайыста, екіншісі еркін жаттығуда бұйырды. Мәскеу Олимпиадасынан кейін спорттық карьерасын аяқтады. Екінші рет тұрмысқа шықты. Сол жылы Олимпиада чемпионы атанған велошабондоз Валерия Мовчанмен отау құрды. Екеуінің ортақ бір қызы бар. Оның да есімі – Нелли. Бірақ бұл неке де ұзаққа бармады. Осыдан соң, Ким Миннеаполисқа (АҚШ-тың Миннесота штаты) қоныс аударады. Спорттық карьерасын аяқтағаннан кейін спорттық гимнастикадан Оңтүстік Корея, Италия, Беларусь құрамаларын жаттықтырды. Халықаралық арбитр ретінде Олимпиада, әлем және Еуропа чемпионаттарында төрелік етті. 2004 жылы халықаралық гимнастика федерациясының техникалық комитеттінің президенті болды. 2016 жылы FIG (халықаралық спорттық гимнастика федерациясы оны вице-президент қызметіне дейін көтереді. Сонымен қатар, гимнастиканың елшілері комиссиясының президенті етіп тағайындады. Қазір ол шеберлік-сағаттар өткізеді, әртүрлі елдерге барады. Баспасөзбен байланыс жасайды, демеушілерді тартады.
Ардагер спортшымен әңгімелесу барысында отандық гимнастиканы дамытудың өзекті мәселелері, дене шынықтыру мен спортты мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ қаламызда халықаралық жарыстарды ұйымдастыру және өткізу мүмкіндіктері талқыланды.
Кездесуден кейін қала әкімі Нелли Владимировнаға естелік сыйлық табыс етіп, зор денсаулық, сәттілік, мол табыс тіледі.