Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тасқын судан аман отырған облыс және қала әкімдеріне аймақтарды көгалдандыру бойынша тапсырмалар берген болатын.
Дәлірек айтқанда, оларға көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырып, жолдарды ретке келтіру міндетін жүктеген.
Осыған орай елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Науқан 5 аптаға созылады. Әр аптаның тақырыбы және мақсаты бар. Бірінші апта «Таза өлке» деп аталды. Осыған орай Шымкент қаласында да акция аясында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.
Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері мен еріктілер «Абай» саябағы аумағын тазалады. Арық-атыздарды қоқыстан тазартып, ағаштардың түбін қопсытып, жолдарды сыпырды. Абай
Құнанбайұлының ескерткішін жуып-тазалады.
– Тазалық акциясы қаланың басқа да аумақтарында өтті. Қоғам белсенділері, жастар, ерктілер тазалық акциясына белсене қатысты. Акция алдағы апталарда да жалғасады, – деді Еңбекші ауданы бойынша жастармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бауыржан Серікбай.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын ұйымдастыру бойынша арнайы жиын өткізді. Онда қала аумағында тазалық шараларын тиімді ұйымдастырудың тетіктері қарастырылып, өзекті мәселелер пысықталды.
Республикалық экологиялық акция бес аптаға жалғасады. Қазірдің өзінде шымкенттіктер тазалық шараларына белсенді ат салысуда. Қала тұрғындары мен қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар өздеріне тиесілі аумақтарды тазартып, абаттандыруға үлес қосып жатыр.
«Киелі мекен» аптасы аясында тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, «Жасыл аймақ» аптасында ағаш көшеттері отырғызылады. Ал «Өнегелі ұрпақ» аптасы ардагерлердің аулалары мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазалаумен ерекшеленсе, «Мөлдір бұлақ» шарасы шеңберінде су айдындарының жағалауы қоқыстан тазартылады. Бүгінде мегаполисте бүлінген аялдамалар қалыпқа келтіріліп, қала көшелерін жамау жұмыстары да қарқын алған.