Бүгінде дүниежүзі ғасыр дертіне айналған — нашақорлықтың алдын алу мақсатында түрлі шараларды ұйымдастырып, мәселені шешудің жолдарын қарастыруда. Осы орайда, Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Шымкент медициналық колледжінде есірткінің зияндығын насихаттау мақсатында кездесу өтті.
Шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Манабаева Балжан, Шымкент қаласы Психикалық денсаулық сақтау орталығының нарколог дәрігері Қорғанбаева Қарлығаш.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында есірткі қылмысын еліміздегі өзекті мәселелердің бірі ретінде атап өтіп, әсіресе оның жастар арасында белең алуына қарсы күрес жүргізуді күшейтуді тапсырды. Елімізде 2023-2025 жылдарға арналған есірткі бизнесіне қарсы күрестің ведомствоаралық ауқымды кешенді жоспары әзірленіп, бекітілді.
Ресми статистикаға сүйенсек, еліміз бойынша есірткі тұтынушылар саны азайғанымен, синтетикалық есірткіге тәуелділер қатары көбейген. Қазіргі таңда синтетикалық есірткі немесе психотропты заттар жастар арасында көп қолданылатындығы анықталып отыр. Мәселен, елімізде дәстүрлі есірткі заттарын тұтынушылардың орта жасы 40-45 жас аралығы болса, синтетикалық есірткі пайдаланушылар негізінен 30-35- тегі, ал ұшпа ерітінділерді 20-25-тегі жастар тұтынатын көрінеді.Қоғам алдындағы тұрған басты міндеттің бірі-балалар мен жасөспірімдерді шылым шегу, маскүнемдік, нашақорлықтан қорғау, яғни жат әдеттерге қарсы төзбеушілікті қалыптастыру. Осы мақсатта ағымдағы жылдың бес айында оқушылар мен жастар арасында “Есірткінің адам ағзасына зияны”, “Нашақорлық-қоғамдық дерт”, “Ертеңіңді ойласаң, есірткіге жолама” тақырыптарында дәріс-тренингтер, семинарлар өткізіліп, дәрігерлік кеңестер берілді.
Нашақорлық-әлеуметтік құбылыс. Қоғам дертіне айналған нашақорлық адамның өзіне де, қоғамға да аса зиян. Оның қасіретін өскелең ұрпақ жақсы білуі үшін әрбір ата-ана отбасында балаларына жат әдеттердің зардабы туралы айтып отырса, сонымен қатар әлеуметтік желілерде ақпараттық жұмыстар жүйелі жүргізіліп тұратын болса ұтарымыз көп болмақ. Өйткені бала тәрбиенің 60 пайызын отбасынан, қалғанын сыртқы ортадан алатындығын ұмытпайық.
Кездесу барысында спикерлер нашақорлықтың адам өмірі мен денсаулығына кері әсері, есірткіге құмарлықты қалыптастыруға ықпал ететін факторлар туралы қажетті ақпараттар беріп, жастарды салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытын тиімді істермен айналысуға шақырды.