Алматы төтенше жағдайлар департаменті cел көшкініне құбырдың бұзылуы мен топырақтың батпақтануы себеп болғанын мәлімдеді.
Департамент төрт адам, соның ішінде екі бала іздестіріліп жатқанын хабарлады. Үйлердің жақын орналасуы жұмысты қиындатып жатқан көрінеді.
Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары эвакуацияланды. Медициналық топ кезекшілікті жалғастыруда. Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментінің психологиялық тобы жұмыс істеп жатыр.
«Сел көшкініне суық су құбырының бұзылып, топырақтың батпақтануы себеп болды. Көшкіннің көлемі – 3200 текше метр. «Қазселденқорғау» ММ күштері мен құралдары, 109 құтқару қызметі, республикалық жедел-құтқару жасағынан, Алматы қаласы ТЖД, ТЖМ 28237 әскери бөлімінен, жедел медициналық көмек бригадасынан, Медеу ауданының әкімдігінен 160-тан астам адам және 30 бірлік техника жұмылдырылды», – делінген Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.
Бұған дейін Алматыда топырақ көшкіні жүріп, екі үйге зақым келгені айтылды.