Павлодар облысында 2-сынып оқушысы көшедегі кәріз құдығына құлап кеткен.
VITA еріктілер тобының мәліметінше, 7 ақпан күні сағат 15:00 шамасында Екібастұзда мектеп оқушысының жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен. 2-сынып оқушысы сағат 12:40-та үйінен шығып, мектепке бармаған. Мұғалімі баланы бір сағаттай күткеннен кейін баланың анасына телефон соғып мектепке келмегенін айтқан.
“Сағат 15:20-да біздің еріктілер аулаларды тексеріп, камераларды қарап, адамдардан сұрап іздеуге кірісті. Сағат 16:00 шамасында бала табылды деген қуанышты хабар естідік. Бала мектепке бара жатып ашық тұрған кәріз құдығына құлап кеткен. Бірнеше сағат бойы шығуға тырысқанымен, шыға алмаған (құдықтың тереңдігі екі метрдей), айқайласа да ешкім естімеген”, – дейді еріктілер
Еріктілердің айтуынша, балаға өзінің тапқырлығы көмектескен. Жұрттың назарын аударғысы келген бала сөмкесін құдықтан сыртқа лақтырып жіберген. Сөмкені жолдан өтіп бара жатқан №21 орта мектептің сегізінші сынып оқушылары Омар Сағындық, Нұрасыл Жаңажыл, Мансұр Ердәукеұлы байқаған. Олар құдыққа қарап, баланы шығарып алыпты.Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел жәрдемге қоңырау кешкі сағат 17:00 шамасында баланың үй мекенжайынан түскен. Дәрігерлер алдын ала мидың шайқалуы мен жалпы гипотермия диагнозын қойды. Қазір баланы ауруханаға жатқызу мәселесі қарастырылып жатыр.