Облыстық «Фараб» ғылыми-әмбебап кітапханасы мен республикалық «Ақылдым» журналы ұйымдастырған «Ақылды балаға – сыйлыққа «Ақылдым» акция-байқауы мәресіне жетті.
Аталмыш акция-байқаудың ақтық кезеңінде 18 бала сынға түсті. Нәтижесінде Төлеби ауданындағы Б.Биболатұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің 7 сыныбында тәлім алып жүрген үздік оқушы, Кеңесарық ауылдық кітапханасының тұрақты оқырманы Думан Жақсылық І орынды жеңіп алды. Байқау жеңімпазы ретінде Думан Бақытұлына Дубайға жолдама берілді. Бұл жолдама төлебилік оқушының үш ересек адаммен бірге барып қайтуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Думанға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие және қосымша білім департаментінің Алғыс хаты, «Ақылдым» журналын алты ай бойы тегін оқуға мүмкіндік беретін сертификат, басқа да сыйлықтар табыс етілді.
Сонымен қатар, байқаудың ақтық кезеңі барысында «Бала жазған ертегі» атты жинақтың тұсаукесері өтті. Осы жинаққа Думанның қиялынан туған ертегісі де енді.
Еске салайық, Түркістан облысының 5 жылдығына орай облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы және республикалық «Ақылдым» журналы бірлесіп, балаларға арналған облыстық «Ақылды балаға сыйлыққа — Ақылдым» акция – байқауы жарияланған-ды.
Бүгін аталған акция аясында аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде Созақ аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен жас оқырмандар арасында аудандық байқауының іріктеу кезеңі өтті.
Аталмыш байқаудың ашылуында аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов сөз сөйлеп, ұйымдастырылып отырған шара арқылы оқырман балаларды кітаппен, балаларға арналған баспасөзбен таныстыра отырып, бала қиялының шарықтауына, өзара диалог құру кезінде сөздік қорының молаюына қолдау көрсету және рухани тұрғыда тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды дәріптей түсетінін айтып өтті. «Ақылдым» журналының құрылтайшысы әрі «Серпіліс» қоғамдық қорының директоры, «Қызмет» газетінің бас редакторы Бейсенкүл Жақсыбекқызына аудан әкімінің Алғыс хатын табыс еткен еді.
Байқауға 17 оқырман 3 кезең бойынша бақ сынасқан.
1 кезең бойынша балалар «Ақылдым» журналымен қалай танысқанын бейнеролик жүзінде таныстырып, журналға ерекше идеяларын ұсынды.
2 кезең «Ертегі айтып беремін» атауымен аталған айдарда қатысушылар өз қиялымен ертегі құрастырды.
3 кезеңде жетекші кітапхана қызметкерлерінің көмегімен «Қабырға газеті» дайындалып, көпшілікке таныстырылды.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орыннан көрінген оқырмандар мен барлық белсенділік танытқан қатысушыларға алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталған-ды.