Түркістан облыстық «Фараб» кітапханасы және республикалық «Ақылдым» журналы бірлескен «Ақылды балаға — сыйлыққа Ақылдым» акция-байқауы өз мәресіне жетті. Кітап оқуға ынталандырып, шығармашылыққа бет бұруға шақырған байқау балалардың танымына ықпалы мол.
Бәйдібек ауданынан ақтық сайысқа қатысқан Шырынбек Жайна Айбекқызы Тәрбие және қосымша білім департаментінің директоры М.Медетбекованың алғыс хатымен және жетекшісі Боралдай ауылдық кітапхананың кітапханашысы Клара Шәуенова «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызының алғыс хатымен марапатталып, композитор Бекжігіт Сердәлінің арнайы сыйлығына ие болды.
Түркістан облысының 5 жылдығына орай облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы және республикалық «Ақылдым» журналы бірлесіп, балаларға арналған облыстық «Ақылды балаға сыйлыққа — Ақылдым» акция – байқауы жарияланған еді. Аталған акция аясында аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде Созақ аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен жас оқырмандар арасында аудандық байқауының іріктеу кезеңі өткен еді.
Аталмыш байқаудың ашылуында аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов сөз сөйлеп, ұйымдастырылып отырған шара арқылы оқырман балаларды кітаппен, балаларға арналған баспасөзбен таныстыра отырып, бала қиялының шарықтауына, өзара диалог құру кезінде сөздік қорының молаюына қолдау көрсету және рухани тұрғыда тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды дәріптей түсетінін айтып өтті. «Ақылдым» журналының құрылтайшысы әрі «Серпіліс» қоғамдық қорының директоры, «Қызмет» газетінің бас редакторы Бейсенкүл Жақсыбекқызына аудан әкімінің Алғыс хатын табыс еткен еді.
Байқауға 17 оқырман 3 кезең бойынша бақ сынасұан болатын.
1 кезең бойынша балалар «Ақылдым» журналымен қалай танысқанын бейнеролик жүзінде таныстырып, журналға ерекше идеяларын ұсынған.
2 кезең «Ертегі айтып беремін» атауымен аталған айдарда қатысушылар өз қиялымен ертегі құрастырған.
3 кезеңде жетекші кітапхана қызметкерлерінің көмегімен «Қабырға газеті» дайындалып, көпшілікке таныстырылған.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орыннан көрінген оқырмандар мен барлық белсенділік танытқан қатысушыларға алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталған.