Отырар ауданына қарасты Ө.Жәнібеков атындағы лицей-интернатта Түркістан қаласы химия-биология бағытындағы НЗМ-мен бірлескен «Сабақтағы критерийлерін бағалауды ұйымдастыру және жүргізу» тақырыбындағы әдістемелік күн жоспарланып өткізілді.
Оқушылардың интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін дамыту, әртүрлі жастағы білім алушылар арасында коммуникативтік дағдыларды жетілдіру, балалардың шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту, мәдениетке, туған өлкеге ұқыпты қарым-қатынас пен қызығушылықты тәрбиелеу мақсатындағы өткен семинарда қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, математика, физика, химия, тарих, география, информатика, биология пәндерінен бірлескен сабақтар ұйымдастырылды.
Мұнда оқушылардың пән бойынша оқу жетістіктері екі тәсілмен–қалыптастырушы және жиынтық бағалау арқылы жүзеге асырылады. Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқу мен оқыту үрдісінде тоқсан бойына жүргізіле отырып, мұғаліммен оқушы арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ата-аналарға баласының оқу жетістіктері туралы ақпарат беру үшін қолданылады. Жиынтық бағалау бөлімдер немесе ортақ тақырыптар және тоқсан аяқталған кезде қолданылады.
Мұғалімдер оқушының білім жетістігін дәл бағалау үшін тоқсандық жиынтық бағалау қорытындысын модерациялайды. Қажет жағдайда тоқсандықжиынтық бағалау нәтижесі көтеріледінемесе төмендетіледі. Критериалды бағалау оқушылардың жетістіктерін бір-бірімен салыстырмайды және бір-біріне тәуелді етпейді. Ол әр оқушының құзыреттілік деңгейі туралы ақпарат беруге бағытталады.
Семинардың бағдарламасына сәйкес аудандық оқу–әдістемелік кабинетінің пән әдіскері Аметқызы Сержангүл критериалды бағалаудың ерекшеліктері бойынша таныстырылым жасады. Семинарға қатысушыларға критериалды бағалауды жоспарлап, өткізуде басшылыққа алынатын нормативтік-әдістемелік құжаттар тізімі ұсынылды. Қалыптастырушы және жиынтық бағалауды ұйымдастыруға, оқушы портфолиосын жинақтау және электронды журналға балл мен баға қою үдерісі және модерацияны өткізуге бағытталған әдістемелік кеңестер ұсынылды. Тоқсандық жиынтық бағалауды өткізу (спецификация, баға қою механизмі), нәтижелерді талдау, модерация үдерісін тиімді өткізу мақсатында оқу жылына жоспар жасау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Бақыланған сабақтарға кері байланыс беріліп, тиімді әдіс алмасу жұмыстары жүргізілді. Пән мұғалімдерімен түрлі тақырыптарда семинар, шебер-сыныптар, тренингтер өтті.
Аталған іс-шаралар педагогтердің кәсіби шеберлігін шыңдауда, білім алушылардың танымдық қызығушылығын арттыру, білім сапасын көтеруге оң ықпалын тигізері анық.