Арыс қаласының білім бөліміне қарасты Ж.Ташенов атындағы жалпы білім беретін мектеп директоры Санжар Махановтың басшылығымен және бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Гаухар Баймаханованың ұйымдастыруымен “Kitaplike” жобасы қазан айында іске қосылған болатын.
Оқушылардың телефонға тәуелділігін азайтып кітап оқуға шақыру мақсатында құрылған жобаға 80-ге жуық оқушы қатысты.
Қатысушылар жас ерекшелігі бойынша 3 топқа бөлінді. «Балбұлақ» тобы «Экософия немесе киелі табиғат» кітабын, «Ойзерек» тобы Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер», «Бала би» тобы Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» кітаптарын бір ай бойы оқып аяқтады.
Жуырда “Kitaplike” жобасының бірінші кезең қорытындысы болып өтті. Үздік оқырмандарды анықтау үшін Арыс қаласының құрметті азаматы, зейнеткер ұстаз Әбдісәттар Жүніс, көршілес ауылдық округтен келген мұғалімдер арнайы шақырылды. Оқушылар оқыған кітаптары бойынша тест тапсырып, эссе жазды және арнайы дайындалған сұрақтарға жауап берді.
Нәтижесін саралай келе, «Балбұлақ» тобынан Ибатбек Әлиахмет, «Ойзерек» тобынан Қилыбай Көркемай, «Бала би» тобынан Аманова Зере үздік деп танылды. Оқушыларды ынталандыру мақсатында 1,2,3- орындарға марапаттар беріліп,
Мақсат Тоқболаев бастаған ауыл жастарының демеушілігімен жеңімпаз оқушыларға ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Мектеп ұжымы мен ата-аналар, ауыл жастарының бірлігінің арқасында құрылған бұл жоба сәуір айына дейін жалғасын таппақ.
Еске салсақ, Түркістан облысы, Келес ауданындағы Б.Момышұлы атындағы №59 жалпы орта мектебінің кітапханасында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Кітап оқу байқауы» жобасы жүзеге асуда. Алдағы уақытта үздік оқырман оқушыларға спорттық велосипед, планшет және тағы басқа құнды сыйлықтар беріледі. Жобаға жеке кәсіпкерлер – Бекшораев Марат, Құтымов Марат, Ахметов Сапархан сынды ел ағалары демеушілік жасауда, деп хабарлайды newsroom.kz.
– Мектебімізде балалардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру, қазақ әдебиетін, ақын-жазушылар шығармаларын терең зерттеуге және жас ұрпақтың бойына кітапсүйгіштік сезімді қалыптастыру мақсатында мұндай акция алғаш рет ұйымдасытырылып отыр. Кітап – терең ойлауды үйретіп, есте сақтау қабілетімізді жақсартып, ақыл-ойымызды еркін жеткізуге жаттықтырады. Балалар велосипедті көріп кітап оқуға деген қызығушылығы арта түседі деген сенімдемін,– дейді мектеп басшысы.
Айта кету керек, мұндай акция бұған дейін Келес ауданындағы тағы бір мектепте ұйымдастырылған еді. Жастарды кітап оқуға баулуда осындай жобалардың рөлі орасан зор. Қазіргі таңда аталған білім ордасында 400-ден аса оқушы тәлім алады.